БОЙТҰМАР

lat: BOITUMAR

тіл-көзден, бәле-жаладан қорғайтын дұға жазылған қағазды сақтайтын құты, қалта. Шошып оянатын, ұйқысырайтын адамдардың киімінің көзге шалына бермейтін тұсына, жағасының астына немесе қолтық тұсына тігіп қояды немесе мойнына баумен тағады. Зергерлер мен кестешiлер түстi маталардан немесе терiлерден, үш бұрыштап немесе қиықшалап, iшiне дұғалар мен Құран аяттары жазылған қағазды салып қоярдай қуыс қалдырып, әдемi өрнектермен нақыштап бойтұмарлар жасаған. Сыртын өрнектеп, лажылап, сіркелеп, асыл тастардан көз салып әшекейлеген. Жетісу өңірінде бойтұмарды тастан да жасаған. Жеті ұсақ тасты тұмарша етіп матаға тігіп, қамзолдыңішкі жағына көзге түспестей етіп жапсыра тігіп қояды. Оны көбiнесе адамға (әсіресе жас балаға) көздің сұғынан, тілдің уынан сақтайды деп таққан. Осындай тұмарлар адам бойына қуат берiп, көңілiне сенiм тудырады деп есептеген. Тұмар рөлiн атқарған әдемi алқалар да болған.                                                                                                                                                                                                                                Тұмардың бірнеше түрі бар: қиық тұмар сәндік мақсатта мойынға тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар; лағыл тұмар лағыл таспен безелген тұмар; сіркелкі қолтық тұмар бетіне сіркелеп өрнек салынған тұмар; алтын тұмар бетіне алтын жалатқан, алтынмен әшекейленген тұмар; жастық тұмар түсті металдан жасалған төртбұрышты көркем тұмар. Бұл тұмар түрлерінің бәрі адамның бойына тағылады. Бойтұмардың тағы бір түрі тұмарша деп аталады. Оны шебер зергерлер бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәріздендіріп күмістен жасайды, мойынға іліп жүретін әсем бау тағады. Пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды және тіл-сұқ осы бұйымға ауады деп, тұмаршалардың «қасиетіне» табынған жұрт оны күмістен жасатып, сыртына неше түрлі зер жүргізіп, алтынмен булатқан. Өңіржиек, сырға, тұмар сияқты бұйымдарға салбырап тұратын салпыншақ әшекей тағылған.