БОРАН

lat: BORAN

қар, топырақ боратып, ұйытқып соғатын күшті жел. Боран соққан кезде айнала түтеп, ештеңе көрінбей кетеді. Мал шаруашылығымен айналысқан дәстүрлі ортада шаруаға жайсыздық әкелетін табиғаттың мұндай мінезі әртүрлі сипатталған. Ауа райын болжап, алдағы күннің қандай боларын білген шаруа қазақтар боранның төмендегідей түрлерін жақсы ажырата білген: алақаншық боран (бір бәсеңдеп, бір ұйытқып соғатын боран); жаяу боран (жаңа түскен үлпек қарды жер бетінен немесе қатқан қардың үстінен үретін еспе боран); тас боран (суырып соғатын қатты боран); ұйтқыма боран (ұйтқып соғатын қарлы боран); үскірік боран (құрғақ, суық боран); ақшұнақ боран (бір мезгіл соғатын шыңылтыр аяз кезіндегі қарлы боран); долы боран (екіленіп соғатын боран); құм боран (құм, топырақты суырып ұйтқи соғатын боран); майлы боран (қойын-қонышқа кеулеп соғатын қарлы боран); сұрапыл боран (өте күшті боран); түтек боран (алай-дүлей боран); ызғырық боран (өңменнен өтер ызғарлы боран) және т.б. Боранның алдын ала боларын аспан денелерінің орналасуының және қозғалысының жылдың, айдың, аптаның, күннің маусымдық және мезгілдік ерекшелігіне байланысты, әсіресе үй жануарлары мен хайуанаттардың өзгеруіне сәйкес болжап отырған. Мысалы, егер ит қарға аунаса, боран болады деп ырымдаған.