БҰҒЫ

lat: BUǴY

қоңыр аңдар қатарына жататын түз тағысы. Таулы, орманды, шалғынды даланы мекендейді. Бұғы мүйізі халық емшілігінде көп қолданылады. Бұғының мүйізін бөлшектеп кесіп, суға бір күн салып қойып, жұмсара бастағанда жапырақтап турап, кесілген жапырақшаларды кептіріп, талқандап ұнтақ дәрі жасайды. Бүйрек, сүйек ауруына, бас айналу мен белсіздікке қарсы ішкізген. Жас бұғының мүйізін отқа қақтап кептіріп, түгін қырып тазалап емге пайдаланады. Адамның бадамша безі қабынғанда, қатқан мүйіздің түбірін талқандап, қайнаған суменішеді. Сондай-ақ бұғы мүйізінің қан толтыратын дәрулік қасиеті де мәлім болған. Бұғы өнімдерінің қазақ емшілігінде қолданылғаны туралы дерек шамалы. Алайда шығыстағы көрші жұрттарда бұғының мүйізі мен кейбір мүшелері емдік шараларға көп қолданылып қымбат бағаланғандықтан, қазақ арасында бұғы аулау, мүйізін жинау ісі кең етек алған.                    Бұғының жазғытұрым өскен мүйізі түлеп түсіп, жаз ортасында қарай жетіліп шығады. Осы уақытта шыққан мүйізінің ішінде қаны көп, солқылдақ, жұмсақ болып келеді.