БҮЙРЕК

lat: BÚIREK

қамыр ішіне ұсақтап тураған ет, өкпе-бауыр салып пісірген тағам түрі. Онша жұқа емес жаймаланған қамыр үстіне тұздалып, бұрыш пен пияз араластырылып паршаланған етті жаймалап салған соң, оның үстіне тағы да бір қабат жаймаланған қамыр жауып, шеттерін бүріп табаға салып, бетін жауып шоққа пісіреді. Сондай-ақ ұсақ етіп жасалған түрі де болады. Бұл тағамның аты қамырды бүрмелеп жасауына байланысты бүрек/бүйрек аталған.                                                                                                                                                                        Орыс тіліндегі пирог тағамының аты да, заты да осы Бүйректен бастау алатын болуы керек. Бүріліп жасалатын тұшпара (түркі тілдерінде тушбере/дүшбере т.б.) сөзінің екінші буынындағы пере/бере/бёре/бүре сөзі де бүруді білдіреді. Ал тұш/түш/дүш ашымаған, тұщы қамырдан жасалатындығына байланысты аталған. Осы тағамның бүйрекше, бүйрекше нан деген де атаулары бар.