ЕГУ

lat: EGÝ

ертеде жұқпалы індет түрлерінен алдын ала сақтану мақсатында ауруды сау малға әдейілеп жұқтыру тәсілінің атауы. Егу тәсілімен адам мен малда кездесетін індет түрлерін қолдан жұқтырып, оның жеңіл өтуін қамтамасыз еткен. Ортаазиялықтар мен көшпелілерде егу тәсілдері орта ғасырлардан бері кең таралған шара екендігі туралы тарихи жазбаларда баяндалады. Жазбаша және ауызша деректерде жұқпалы аурулардан сақтандырудың, яғни дәстүрлі ұғымдағы егудің сан алуан түрлері айтылады. Егудің кең тараған түрлері – ауру малдың етін, терісімен ұру, қанын сау малға жағу және өкпесімен қағу . Сондай-ақ індеттен көп қырылса малдың етін турап, суға шылап, оны сау малдың құлағы мен терісіне дорбашалап тығып жұқтырған. Адамда кездесетін қауіпті індет – шешекке қарсы егу арқылы сақтану түркі халықтары арасында ертеден бері мәлім болған. Ол туралы Н.Ф. Катанов «... шешек қабыршағын жинап кептiрiп, келiге түйiп екпе жасаған», – деп жазды. Патшалық Ресейдің «Сiбiр қазақтары туралы Жарғысының» VI тарауында шешекке қарсы арнайы егу арқылы сақтандыру шараларын ұйымдастыру қарастырылғанымен ол қазақтар үшін жаңалық болмаған. Бұл туралы орыс шенеуніктерінің орталыққа жазған баянаттарында айтылады. Адамдағы шешек ауруын малдағы түрі «күл» деп атаған індетке қарсы үш түрлі егу тәсілімен сақтану шарасын жасаған. Оның кең тараған түрі – шешек бөртпесiн суға езiп алған соң оған батырған инемен сау малдың денесінің терісінің жұқа бөліктерін сызу. Сондай-ақ ауырған малдың қанын суға араластырып сау малдың денесіне тұтас жаққан. Үшінші жолы – күлден өлген қойдың өкпесiн турап, оны сау қойдың құлақ терiсiнiң астына «кеулеп», яғни қалта тәрізді етіп тіліп салу арқылы жұқтырған. Осыдан кейін белгілі бір ауруға қарсы иммунитет пайда болады да, ауру зілсіз өтеді, шығын аз болады. Ең бастысы, жаппай өршитін індетке айналмайды. Яғни мұндай шаралардың практикалық маңызы болған. Мұндай жекеленген тәсілдер белгілі жұқпалы ауруға қарсы жақсы нәтиже берген. Оған мысал ретінде ешкi түлігіндегі кемелек індетіне қарсы ауырып өлген малдың өкпесiнің кішкене түйірін сау ешкiнiң құлақ терiсiне тығып жұқтыруды келтіруге болады. Сондай-ақ өлген малдың өлексесiн бөлшектеп, сау малдың «бас-көзiне» сабалау да осындай тәсілдің бір түрі.                      Қойдағы қауіпті індет – топалаңнан өлген малдың етін «боршалап» (шикiлей немесе шала қайнатып) алған соң сау малдың үсті-басын сабалап «кет, пәлекет, кет!» дей отырып ауруды сау малға жұқтырған. Осыған ұқсас жұқтырудың бір түрі топалаңнан өлген қойдың терiсiн бiтеу сыпырып, ішіне шөп толтырып, iлiп қоюды қосуға болады . Этнограф Х.Арғынбаев өз еңбектерінде ауруды қолдан жұқтырудың төмендегідей түрлерін де егу тәсілдеріне қосады: індеттен өлген малдың жемтігін жинап өртеп, оның түтiнi арасынан малды айдап өткiзу; жылқы жамандат індетінен өле бастағанда жүген, тоқымдарын әр ауылдың желiсiне апарып лақтырып тастау; сау мал қамалған қораға індеттен өлген малдың етiн, я болмаса ауру малға салған әбзел, жабу түрлерін (тоқым, жүген, жіп, желі және т.б.) апарып тастау. Нәтижесінде малдың індеті өзге сау малға жұғады. Сөйтіп, мал айығады деп есептеген. «Індетке айналатын мал ауруларын алдын алу үшін, сол ауруды саналы түрде жұқтыра отырып, ауруды жеңiл өткеретіндей иммунитет тудыру әдісін Жайық, Каспий қазақтарының арасында ертеден-ақ кең тараған» деп жазады қазақ арасында қызмет еткен орыс мамандары. Орынбор және Самара генерал-губернаторының 1854 жылдың 15-маусымдағы шешiмiмен Орынбор шекара комиссиясына табиғи iндет, жұқпалы аурудан сақтандыру iсiне байланысты Қазан мал дәрiгерлiгi институтының оқу фермасында жүргiзiлген практикалық-оқу iсiне Бөкей Ордасынан маман жiберуді сұраған. Сол бойынша Ордадағы ветеринар Кобышев үш ай бойы тәжiрибелiк оқудан өтiп келген соң егу, яғни вакцинация жолымен iндеттен сақтандыру iсiн ұйымдастырады. Аталмыш шараның нәтижелі екендігіне көз жеткiзген жергілікті халық егу шарасын бұрынғыдан бетер көбірек жасауға көшкен.