ЕЛ

lat: EL

дәстүрлі ортада мемлекет, ру, тайпа, халық, жұрт, қауым, өскен орта, туған жер мағынасында қолданылатын мазмұны аса кең категория. Ел сонау ежелгі түркі мемлекеті кезеңінен бастау алады. Көне руникалық жазбаларда ел ұғымы ең алдымен мемлекет ұғымының баламасы ретінде қолданылған. Кейінгі кезеңде мемлекет мағынасындағы байырғы ел ұғымы бірнеше рудан құралған тайпа немесе бірнеше тайпадан құралған тайпалық одақтан тұратын құрылымның атауына, яғни политонимге айналды. Мысалы, Алты алаштың ағасымыз, Қазақбайдың баласымыз деген байырғы сөз орамы Алаш елінің (мемлекетінің) алты тайпалық одақтан құралғандығын көрсетеді. Елдің билігі ел құраған билердің, ел сұраған хандардың құзырында болды. Елдің тұтастығы, іргелі елдігі, саяси бірлігі, әлеуметтік-экономикалық құрылымы олардың дәстүрлі әдет-ғұрыптарымен, ұстанған моральдық-этикалық нормаларымен, қалыптасқан ереже-заңдарымен байланысты болған. Әсіресе, халықтың, ұлттың тілі елді бірегейлендіретін ерекше фактор болып саналған. Қазақтың елдің жаманы жоқ, сондықтан елді жамандаған елеусіз қалады деп келетін сөз орамы елге айырықша құрметпен қараудың әр азаматтың парызы екендігін білдіреді. Ел-елдің бәрі жақсы, бірақ адамның өз елі басқадан өзіне әрқашан жақын тұрады. Ел ұғымы туған ел, туған жер ұғымымен астасып жатады. Ер туған жеріне ит тойған жеріне; Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген мақалдан «қазақтың кіндігі туған жеріне байланып» қалғанын аңғаруға болады.                                                                                                                                              Ел ұғымы бірнеше этникалық деңгейде қолданыла береді. Қазақ руды, тайпаны, жүзді ел деп атай берген. Тіпті, рудың ішіндегі біраталық немесе екіаталық патрилокалдық құрылымда да ел деп атау жиі кездесетін. Осы тұрғыда, ұрпақтың өсіп-өніп көбеюінің негізінде бірнеше жаңа буынның қалыптасатындығын білдіретін «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», – деген мақал бар. Ол 4-5 буыннан соң өз алдында шаруашылық көтерген, дербес өріс-қонысы бар елге айнала бастайтынын меңзесе керек. Ертеректе бейтаныс екі қазақ кездескенде дәстүр бойынша әдеттегі аман-саулықтан кейінгі танысудың «бісмилласы» міндетті түрде «ел сұрасу» болған. Мұндайда кең тараған сұрақтың түрі – қай елденсің? немесе қай ел боласың? Бұл – екі адамның өзара бір бірінің қандай рудан екендігін ажырату үшін қоятын дәстүрлі сұрағы. Яғни ел – эндоэтноним. Сөйтіп, ел ірі этникалық бірлестік жүз, тайпа, рудан басқа кішігірім, тіпті, біраталық патрилокалдық топтың да атауы болды. Мысалы, ел ағасы деген ұғым ауылдың да, рудың да басшысы деген мәнде қолданылды.                              Ел ағадан азады, тон жағадан тозады деген мақал елдің ынтымағын, бірлігін сақтай алмаған басшыға қарата айтылған. Ел ағасы руаралық, елішілік, әулетаралық ынтымақ, татулықты сақтай алмаса, онда елдің іргесі бұзылады. Іргесі бұзылған ел азып, жері тозады. Ауылаймаққа, рулы елге сыйлы көпбалалы ананы ел анасы деп құрметтеген. Кей кездерде рудың, әулеттің аты ел анасының есімімен аталған . Діни санада ел, халық Хақ тағаланың бір аты, – деп танылған. Құдайдан көп бір жас кіші ; Халық қаласа хан түйесін сояды деген бабалар сөзі жұртшылықты, әлеуметті жеке тұлғадан жоғары қойған.