ЕН

lat: EN

төрт түлік малдың құлағына кесу, ойып алу, тілу жолымен салынатын айырым белгі, таңба. Әр ру, ата, ауыл, үйдің өздеріне тән ен, таңба белгілері болды. Дәстүрлі ортада қалыптасқан үрдіс бойынша малды сол арқылы танып ажырататын болған. Қарашаңырақтан жаңа отау бөлінгенде, жас отбасыға берілген енші малына өзіндік жаңаша ен салынады. Ен, белгі малдың екі құлағына немесе мүйізіне салынады. Кейде құлағының бір бөлігін кеседі немесе ояды.                                                                                                                                                   Ен түрлері қазақтардың қай руға жататындығының да белгісі болды. Ал еннің қандай пішінде болуы мал иесінің еркінде болды. Бірақ, жалпы рулық пішіннен ауытқуға тыйым салынған. Ен салуда өткір пышақ пайдаланылады. Қазақы ортада мал құлағына салынатын еннің түрлері өте көп және түрлі комбинацияда салынады: алдынан көз, артынан көз, артынан ойық, артынан сыдырғы, алдынан тілік, артынан тілік, алдынан ішіне ала тілік, байпақ ен, жүрекше (ұшынан шорт кескен), жырық, ойма, ойық, тілік, құмырсқа, кезойық, айыр, сара тілік, ұшынан, ортасынан айырған, сыдырғы, сыдырғыш, кесік қиықша, құлағының түбіне ала ойық немесе құмырсқа қиық ен, кесік, кезді тілік, шатыраш, тісті, тесік, түйнешік (шеміршегін теспей ен салу, тесік ен, терісін сылып, оймақ баулап), қанжыра, қиық, шұнақ ен (ұшына ала кесік) т.б. Аталған осы ендердің кейбіріне тоқталып өтейік: тілік ен – құлақтың ұшына сұғынта тіліп қойған ен, ойық ен – құлақтың шетінен кесіп алатын ен, құмырсқа ен – құлақтың шеміршегімен қоса жартылай оймыштап алып, ойып, тесіп салмастан сырғаша бұрап қойған ен, ойма ен – құлақтың асты-үстінен өткізіп тескен ен, кесік ен – құлақтың ұшын шорт кескен ен.                                                                                                                              Белгі, ен, таңба тұрған жерде ешкім мал басын иемденуге дауласпайды. Ен салғанда, әсіресе жексенбі күні сәтті деп есептеледі, өйткені Тәңір жерді жексенбі күні жаратқан екен деген түсінік болған. Алайда, Х.Арғынбаев сәтті күн деп сәрсенбі мен бейсенбінің бірін таңдайды дейді. Ен салу науқаны ерте көктемде, шыбын-шіркей шықпай тұрғанда, төлдің бәрі ширап, пышақ көтеретін халге жеткен соң жаздың басында жүргізіледі.                                                                                                                                                                                                  Кейде жүнiн қырқу, құйрығын кесу арқылы уақытша белгілер де салынады. А.Добросмыслов қазақтардың қозыларды пішуден екі аптадай бұрын олардың құлақтарына ен салатындығын жазады. Ен салғанда мал құлақтарынан түрлі пішінде кесіліп алынған кесінділерді жинап алып, оған ақ тамызып, төлдеpдiң құлағы жылдам жазылады деген сенiммен, құмырсқаның илеуіне тастаған. Мұның астарында «төрт түлік малымыз құмырсқадай көбейсін» деген тілек те жатыр.                                                                                                                   Жылқыға ен салуда «бісміллә, үйірімен үш жылқы», – деп өз енін салады. Жылқыға салатын ен туған-туыстың, тіпті бүкіл бір рудың жылқыға салатын енінен өзгеше болмайды.             Жаңа туған құлындардың құлағына үш-төрт күн өткеннен кейін белгі салынады. Ен асыл тұқымды жылқылардың танауына да салынады. Сатып алынған, қалыңмалға келген жылқыларға сол рудың өз ен, таңбасы салынады. Таңба малдың оң немесе сол жақ жамбасына немесе қолына қажетті шамада қыздырылған таңбатемірмен басылады. Таңбатемір басылған жерге сәл ойылып күйген таңба бейнесі түседі .                                                                                                                                                                                                                       Түйеде ботадан өзгесінің бәріне ен салынады. Түйенің құлағына кесу арқылы ен салынады, санына, қолына таңба басылады. Сиырға ен салу алты-жеті айлық бұзау кезінде, күзде жүргізіледі. Сиырға ен салу сиыр табынын көп ұстайтын отырықшылар арасында көптеп кездеседі. Ерте кезде құлға да ен салынған. Құлақ кесті құл деген сөз содан қалған.