ЕР

lat: ER

көлікті ерттеп мінуге қолданылатын әбзел түрі. Ердің ежелгі нұсқалары б.з.д. 2-1 мыңжылдықтарға тән археологиялық қазбаларға қарағанда жүн, киіз сияқты жұмсақ заттардан жасалған. Кейін қаңқасы ағаштан жасалған ер түрлері пайдаланыла бастады. Оның дәлелі ретінде ерте темір дәуірі кезеңіне тән археологиялық артефактілер қатарындағы үзеңгісіз қарапайым ағаш ерді айтуға болады. Ерте темір дәуірінің соңғы кезеңінде ердің құрылымында үлкен сапалық өзгерістер пайда болды. Әуелі мінер жақтағы үзеңгісі, содан кейін келесі жақтың үзеңгісі, кейін құйысқан, өмілдірік, керайыл сияқты әбзелдер қолданысқа енді.                                                                                                                                                                           Көшпелі ортада таралған ер жасалған материалына, сыртқы пішініне, кейбір детальдық және жергілікті ерекшеліктеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Алдыңғы қасы дөңгеленіп, шалқайып тұратын ықшам келген қазақы ер ең көп таралған ер түріне саналады. Сонымен бірге қазақы ортада әр түрлі себептермен жатжұрттық ер-тұрмандар да қолданыста болды. Алды-арты дөңгеленіп келген биік, тік қасты – қалмақы ер , арты жалпақ, отыруға жайлы, алдыңғы қасы жұмырлана келген шошақ басты – қоқан ер, алдыңғы қасы тік, артқы қасы дөңгеленіп келген – сарт ер, атты әскерлер тұтынатын, кісілігі үлкен, қасы аласа, тұрқы ұзын болып келетін – орыс ер , алды-арты қайқы, ортасы дөңестеу келген сүйіндік ер, алдыңғы қасы үшкірлеу келген қырғыздың – сару ер, алдыңғы қасы ұзынша, шошақ келген шошақбас ер (парсы, үнді текті). Аталмыш ердің түрлері этникалық «өңдеуге» түсіп, өзінің құрылымы жағынан да, қолданысы мен эстетикалық бітімі тұрғысынан да қазақылық сипатқа ие болды. Мұндай түрленісті этностену (принцип этнизации) принципімен түсіндіруге болады.                   Белгілі бір аймақта таралған ер түрлері сол рулардың атымен де аталады. Қазақ ортасында рулық сәйкестілік принципі бойынша адай ер, арғын ер, алтай ер, дулат ер, керей ер, найман ер, үйсін ер деген ер түрлері таралған. Мысалы, албан, суан және жалайырлар арасында кең қолданыста болған үйрекбас ер әрі жеңіл, яғни атқа да, жолаушыға да қолайлы, әрі сәнді етіп жасалынды. Ал керей ері ауқымды, кең, қасы жалпақ келген, әрі биік, үлкен болса, найман ері қасы биік, қушықтау, ауқымы тар, сәнді келеді. Сонымен қатар ерлердің түрлері жасалған материалына байланысты ағаш ер және былғары ер деген екі үлкен топқа бөлінеді. Алғашқысы аттың арқасына тимейтіндей етіп жасалған, ағаш қаңқалы, көнмен қапталмаған көпшілік қолды ер түрі болса, екіншісі – сырты былғарымен қапталған ер.                                                                                                                                                                           Өз кезегінде ердің құрылымдық ең мәнді негізгі бөліктері бойынша да – алдыңғы, артқы қастарының пошымына, жабдықтарының құрамына және эстетикасына байланысты бірнеше түрге жіктеледі:                                                                                                                                                                                                                                                                                               а) ердің алдыңғы қасының пошымына қарай: қазық тәріздес үшкірлеу келген ердің түрі – қазықбас ер, басы үйрек тұмсығына ұқсас – үйрекбас ер;                                                                   ә) ердің алдыңғы және артқы қастарының өзара үйлесіміне қарай: алдыңғы, артқы қастары тікшелеу түрі – шошақбас ер , алдыңғы қасы қошқар мүйізді болып келген, артқы қасы иіліңкі ер түрі – қоқан ер, басы үшкір, арт жағы жалпақ түрі – қандек ер. Батыс Қазақстан өңіріне тән, басы шошайып, арты дөңгеленіп келген ер түрі – қозықұйрық ер, алдыңғы қасы үлкен, симметриялы екі бөлікке бөлініп, жарты шар тәрізді екі бөліктен тұратын айыр ер , екі басы тік келген баламоғал ер деген түрлері таралған. Қазақ ерінің алдыңғы қасы дөңгеленіп келген түрлерінің аттары да әртүрлі: алды-арты жалпақ, дөңгелек ер – қалшеке ер , алдыңғы қасы дөңгеленген, арты жалпақша келген ер – қаптал ер;                                                                б) ердің алдыңғы қасының әшекейленуіне қарай : алдыңғы қасы биік, үшкірленіп тік келген, сүйекпен қапталғаны – ақбас ер , алдыңғы қасы жалпақтау әрі сүйекпен әшекейленгені – сарықасқа ер, алдыңғы, артқы қасына бірдей сүйек шабылған, маңдайы күмістелгені – бітеу ер деп ажыратылады. Ертеде Түркістанда жылқының сауыр терісінен ерекше тәсілмен жасалған көк түске боялған көксауыр терімен алдыңғы қастың қапталуына орай көкбас ер немесе көнбас ер деп аталғандары қымбат бағаланған.                                                          Жабдықталу сипатына қарай қазақ ерлері әйел ері, еркек ері, бәйге атының ері, бала ер, асау ері, көкпар ері деп жіктеледі. Яғни бұл жіктеу ердің белгілі мақсатқа лайықталып жасалғандығына байланысты. Көкпар тартуға арналған ердің өзіндік қолданыстық қажеттілікке үйлестірілген жақтары болады. Еркектерге арналған ердің қаңқасы ықшам, сүйегі жеңіл, бөлшектері жұқа, мықты, берік, атқа қонымды, әшекейі аз, ықшам болады. Қыз-келіншектерге арналған ерлер алтынмен апталып, күміспен күптеліп безендіріледі, асыл тас маржандардан көз қондырылып, айыл-тұрманы түгелдей үзбелі, құймалы, шытыралы келеді. Әйел ердің ерлер еріне қарағанда қапталының үлкен болып келетінін төмендегідей жолдармен:                                                                                                                                                                                                                                                                                                  Әйел ердің қапталы екі қарыс төрт елі,                                                                                                                                                                                                                                                Еркек ердің қапталы екі қарыс екі елі, –                                                                                                                                                                                                                                             деп бейнелеп айтады халық өлеңі.                                                                                                                                                                                                                                                    Сондай-ақ ер-тұрманның жалпы пошымы және жасалу технологиясына қарай негізгі төрт түрге жіктейді: ойма ер, құранды ер, қазақ ері, шошақбас ер . Ердің ат арқасына ыңғайлылығы, ықшамдылығы, жеңілдігі, мықтылығы, орнықтылығы, әрине, адамға жайлылығы, әрі әсемділігі оның сапалылығының ең басты көрсеткіші болды. Алдыңғы, артқы қас, екі қаптал, бел ағаш деп аталатын бес бөлшек ағаштан ойылып жасалған ер ойма ер немесе ойма қасты ер деп аталады. Шошақбас ер – сүйегі әдемі шабылған, былғарымен қапталған, алдыңғы қасы жіңішке, ұзын және аздап алға қарай еңкіштеу, құстұмсықтанып үшкірленіп, ал артқы жағы аздап көтеріңкі, арқалықсыз, жартылай шеңберленіп бітетін, өте жеңіл ер түрі. Мұндай ер түрі Жамбыл обл.-ның оңтүстік-шығысы мен Алматы обл.-ның оңтүстігін мекендейтін қазақтар арасында көп тараған. Шошақбас ерді 4-5 бөлек қайың, қарағаш немесе емен сияқты берік ағаш кесінділерінен шауып құрайды. Ердің жеке тұстарын бір-бірімен шеге арқылы ұстатады. Қасының айнала шеттерін күміс және жез сияқты металдармен көмкереді немесе сүйекпен я болмаса мүйізбен сәндейді. Үстіне былғарыдан немесе киізден көпшік шегеленеді. Қарағаштан тұтас шабу үшін алдымен ағашты бірнеше күн суға салып жібітіп алған соң балтамен шауып, шотпен өңдеп, тұзды суға қайнатады. Содан кейін көлеңкеге қойып кептіріп, түйе көнімен қаптайды.                                                                                        А.Добросмыслов қазақ ортасында ең арзаны құранды ер екендігін жазған. Бұқар саудагерлері Орынбор өңірінде шошақбас пен құранды ерлерді көптеп әкеліп сатқан және жергілікті қазақтар оны күнделікті мініс көлігі үшін ғана емес, қыздың жасауына қосу үшін де сатып алған. Құранды ер немесе бұқар, қоқан ері – қастың басы айырлана, жұмырланып келген, қас қапталы түгелімен ағаш бөлшектерінен қиылып, тарамыс, желіммен біріктірілген, сырты сірімен қапталған, жеңіл, әсем шытыра, сүйекпен жиектелген ер түрі. Оны Талдықорған өңірінде әнжән ер деп атайды. Құранды ердің ішпек, тоқымның үстінен, екі қапталының астынан қойылған, екі бөлек жасалған желдігі болады. Оның алдыңғы қасы биік емес, шорт кесілген сияқты көрінеді, артқы арқалығы аздап көтерілген, орындығы кең болады. Бұл ер мінгенде ерекше ыңғайлы ер болғанымен, сүйекпен көмкерілгендіктен, осал болады. Құранды ер көбінесе Оңтүстік Қазақстанда, Қарағанды обл.-ның шығыс жағы мен Ақмола, Қостанай және Алматы обл.-ның оңтүстік аймағында кездеседі. Құранды ер 18-22 бөлек ағаш кесінділерінен құралып жасалады. Құранды ер жасау үшін терек, жиде, тал сияқты жұмсақ ағаштар қолданылады және желім де тез сіңіп, жақсы ұстасады.                                               Құранды ер бөлшектерінің өзіне тән атаулары болады: алдыңғы қастың негізі болып табылатын оқпан екі бөлек ағаштан құралады да, қастың оң жақ, сол жақ беттерін құрайды. Оқпанның арт жағынан жапсырылып екі бетті біріктіретін бөлігін желкебасар десе, алдыңғы қастың бүркіт қабақтанған екі айыр басын қас , артқы қасын керсен дейді. Оның ортасы бір бөлек шабылады да, екі шетіне қанат деп аталатын қосымша қондырғылар желімделеді. Екі қасты қапталдармен ұштастыру үшін ердің екі жағынан ұзыншақтау қоспа ағаш қиыстырылады. Ердің үстін жауып тұратын бөлігін ортан бел ағаш деп атайды. Алдыңғы қастың түбінен, қаптал басының үстіңгі жағынан кепіл ағаштар жапсырылады, ал қас пен қапталдың аралығынан тіреуіштер қойылады. Ердің мұндай бөлшектерін бірбірімен біріктіру үшін олардың астасатын жерлерін алдын ала тегістеп алып, бірнеше қайтара желім жағып кептіреді. Желімделген бөлшектер әбден кепкенше ауыр нәрсемен бастырып немесе арнаулы қысқашпен қыстырып қояды. Ердің негізгі сүйегі әбден кепкеннен кейін оған түгелдей тарамыс талшықтары араластырылған желім үш қайтара жағылады. Желімге кендір шүйкесін араластырып ердің ағашын қаптай бекітуді кей жерде пайлау , кейбір өңірде «сіңірлеу» деп атайды. Әрбір желім қабаты көлеңке жерде, ал, қыстыгүні жылы үйде кептіріледі. Себебі жарылғыш болады деп күн көзіне шығармайды, қыста отқа жақындатпайды.                                  Қазақ ері деп аталатын кең таралған ер түрінің алдыңғы қасы қалың, доғаша иілген, сүйегі ауыр, ердің сырты түгелдей көңмен қапталған, оның сыртынан күміс шытыралар шауып әшекейленген. Алдыңғы қастың дәл ортасына түрлі (қызыл, көк, кейде сары) түсті шыныдан үлкен көз орнатылады. Мұндай ерлердің жабдықтары күміс, алтын жалатып жасалғандықтан, салмағы да ауыр болады .                                                                                                                                                                                                                                            Бәйге ер өте ықшам, жинақы, бүтін ағаштан ойылып, жеңіл бәйгеге шабуға арналып жасалады.                                                                                                                                                Жауыр аттарға ерттелетін тоқымсыз қапталдығындағы киізі қалың ер түрін Талас өңіріндегі қазақтар желқом ер деп атаса, Көкшетауда бір салар , Ақмолада айыр ер, Қызылордада айырқом, Алматы өңірінде жалпоз деп атайды. Ердің өгізге салуға арналған, алды-арты биік сүйемелі, бала мінетін ашамай , көліктің арқасына салатын ершік деген бірнеше түрлері бар. Ершікті Қостанай қазақтарында жапал деп, кей жерлерде ыңыршақ деп атайды. Ердің құрамдас бөліктері ер қаңқасын құрастырушы екі қаптал, ортан, белағаш деп аталатын ағаш бөлшектерден тұрады. Ерді құрастырып тұрған ағаш бөлшектерін ер сүйегі немесе ер қаңқасы деп атайды.                                                                                                                                    Ер сүйегін, ердің соқа басын құрайтын бөліктер: қаптал – аттың қапталына үйлестіріліп жасаған, ердің екі қасына бекітілген қайқылау шабылған ағаш; қас – ердің алдыңғы басы мен арт жағы; кісілік – ердің артқы қасы, отыратын жалпақ жері; керсен – ердің дөңгеленіп келген жалпақтау «артқы қасы». Халықтық жіктеу бойынша мұндай ердің артқы қасы жоқ деп есептелінеді. Оның артқы тұсының керсен деп аталуы да сондықтан.                                                                                                                                                                                               Оқпан – оң жақ беті, сол жақ беті деп аталатын екі бөлек ағаштан құралатын алдыңғы қастың негізі;                                                                                                                                 желкебасар – оқпанның арт жағынан қапсырылып келіп, қастың екі жақ бетін біріктіретін тұтас ағаш;                                                                                                                                  арқалық – ердің екі қасын, қапталын қосып тұратын белағаш, белағашты кей жерлерде арқалық , орта ағаш деп те атайды;                                                                                                    қанат – ердің екі қасын қапталдармен ұштастыратын сына тәрізді қосымша қондырма ағаш (артқы дөңгелек қастың екі жағына желімделетін қондырманы да қанат деп атайды);                қас етегі – екі қастың қапталдықпен ұласатын шеті;                                                                                                                                                                                                                            кепіл ағаш – алдыңғы қастың екі бетіне жиектете қаптал басының үстіне жапсырылатын жұқа ағаш;                                                                                                                                            тіреуіш – артқы қас пен қапталдың екі аралығына қойылатын ағаш қиықша;                                                                                                                                                                                    ердің кірісі – сүйегі бірнеше, бестен жиырмаға дейін бөлшектерден тұратын құранды ердің бөлшектерінің өзара қиысып, жымдасып кірігуі;                                                                          ердің басы – алдыңғы қастың үшкір немесе томпақтау ұшы.                                                                                                                                                                                                                Бағзы заманнан ер қанаты саналған атының ер-тұрманын сәндеп міну орын алған. Бір қарағанда, әшекейдің дені әйел адамға арналып жасалатын сияқты көрінгенімен, іс жүзінде ер әшекейлері саны мен сапасы жағынан әйел әшекейінен әлдеқайда асып түсіп жатады.                                                                                                                                                                Дәстүрлі ортада ерге қатысты қалыптасқан ырымдар өте көп. Мысалы, ерді үйге қойғанда алдыңғы қасын іргеге қаратпай, ішке қаратып қояды. Мұның себебі ерді теріс қаратып қою және теріс салу – тұлдау жосынында орындалатындығына байланысты. Яғни жаман ырымға баланады. Сонымен бірге жинаулы тұрған ерге мінуге болмайды. Өйткені иесі жаяу қалады-мыс. Бірнеше ерді жинағанда бірінің үстіне бірін тізіп жинап қояды. Ер-тұрманды аттамайды және жастанбайды. Өйткені ертұрманды тек жаугершілікте ғана жастанады. Бейбіт кезеңде жастану жамандыққа бастау деп есептелінді.