ЗЕРДЕ

lat: ZERDE

бабынан айырылған қыран құсты қайыра баптау кезінде оны құстыру үшін қолданылатын қоспа. Құсбегілер ұшуға зауқы болмай қалған тоқ бүркітті құстырып, ішін тазарту үшін зерде, қоя, мүсәтір, томыртқа пайдаланған. Зердені түйенің шудасына тұзды ерітіндіні шылап дайындайды. Жұттырған зерде бүркіттің ішіндегі жемді айдап, дереу құстырады. Осылай іштегі артық тамақтан арылған бүркіт бабына келіп, ашқарақтана аңға бірден түседі. Сонымен қатар көп тамақ жеп күпті болған тазы аңды алуға пейілі соқпайтындықтан зерде ішін тазалайды.