lat: ZULMAT
адам қолымен немесе адамның себеп болуымен жасалатын қоғамдық, саяси-әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық апат түрі. Араб тілінен аударғанда зұлмат саңылаусыз, қараңғы әлем деген мағынаны білдіреді. Тарихи ортада халық басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді, ашаршылық, соғыс жылдарын зұлмат жылдар деп атаған. Зұлмат кезеңі халықтың азып-тозуымен, қоғамдық, моральдықэтникалық құндылықтардың нашарлауымен, нормалардың құлдырауымен, адамның азғындауымен, қоғамда ұры-қары мен қатыгездіктің, езгінің артуымен сипатталынады. Халық басынан өткен ең зұлмат кезеңнің бірі үш ғасырға созылған қазақ-жоңғар қақтығыстарының нәтижесінде, халықты босқынға ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары болып табылады. Бұл кезеңде халық арасында орын алған, жеті жылға созылған алапат жұттың салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеп, саяси жүйеде руаралық алауыздық кең етек алған еді. Осындай саяси-әлеуметтік жағдайлардың салдарынан қазақ халқы соғыста ойсырай жеңіліп, басына жойылып кету қаупі төнді . Сондықтан халықтың бір бөлігі орыс бодандығын қабылдауға мәжбүр болғаны тарихтан белгілі. 1731 жылы киілген «бодандық ноқтасы» халық басынан ХХ ғ.-дың соңына дейін шешілмеді. Бұл кезең жергілікті халықты орыстандыру сияқты үдерістерге толы болды. Халықтық танымдағы жеті жұттың бірі ашаршылықты да халық зұлматқа жатқызған. Азамат соғысының соңына қарай дәстүрлі қазақ қоғамы қиратылып, Қазақстанның көптеген ауд.-да қысқа мерзім ішінде екі рет жаппай ашаршылық орын алды. 1921-1922 жж. ашаршылық ең алдымен табиғаттың жайсыздығынан, қыста қардың, жазда жауын-шашынның аз болуынан орын алды. Сонымен қатар елде жұт болуының себебі совет өкіметінің жүргізген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесі еді. 1920-1930 жж. Сталиндік «аграрлық революция» (жаппай ұжымдастыру саясаты) мен бүкіл өнеркәсіп жүйесін мемлекет меншігіне айналдыру (индустрияландыру) үрдісі, сонымен қатар байлардың малын тәркілеп, жер аударуы сынды саяси жағдайлар қазақ даласында 1931-1933 жж. тағы да ашаршылықтың етек алуынан 1 млн 750 мың адам аштықтан қырылды. Бұл жалпы қазақтың 42% құрады. М.Шоқай шығармасында: «Түркістандықтар орыс зұлматынан бас сауғалап, Қытайға қашуға мәжбүр болған еді» деп көрсеткен. Отаршылдыққа деген наразылық ұлтазаттық көтерілістерге ұласты. Дүние жүзілік соғыстар да халық басынан өткен зұлмат кезең болды. Сонымен қатар зұлмат түн, қараңғылық мағынасында да қолданылады. Осыған байланысты халық арасында «қайғылы қара салысын жамылған түннің қараңғылығы зұлмат» , «зұлмат қара түнді қуып, жарқырап таң атар» деген сөз орамдары кездеседі.