ИЕ

lat: IE

дәстүрлі наным-сенім бойынша адам бойында ұялаған немесе адаммен бірге жүретін көрінбейтін тылсым күш. Қазақта бойына ерекше қасиет қонған адамды иесі бар , аруақ қонған адам деп атайды. Мұндай қасиет негізінен тұқым қуалау арқылы беріліп отырады деп есептеген. Адамның иесі тек оны көре алатын қасиеті бар аруақты, көріпкел, бақсыларға ғана көрінеді деседі. Осыған байланысты ана тілімізде – иесі бар, иесі қысты, иесі қозды, иесі қыспаққа алды, иесі көрінді, ие қонды, иесі келді деген сияқты ұғымдар қалыптасқан.                Адам бойына ие қону түрлі сипатта өрбиді екен деседі. Дәстүрлі наным-сенім бойынша адам тылсым қасиетке ие боларда оған қонғалы жүрген иелері келіп қысады. Оны түсінбеген немесе қарсы болған адамды азаптап, әбігерге түсіреді. Ондай адам ие қонғанша таза жүріп, иесінің қонуына мүмкіндік беруі керек деп есептеген.                                                                    Бақсы иесінің көмекші, әрі жебеуші рухтарын жын , кейде ие деп те атаған. Ие деп аталатын тылсым күш иесіне байланысты ұғым қазақы ортада ежелден орныққан болса керек. Өйткені бұл ұғым тек бақсыларға немесе аруақты саналатын тұлғаларға қатысты ғана қолданылады. Демек «таза» қазақы наным-сенімдерге ғана тән ұғым. Ал, бақсының көмекші рухтарын сайтан, жын, пері деп атау бертін келе, яғни, көшпелі ортада ислам діні енгеннен кейін орнықты. Бұл жосынды дәстүрлі қазақы наным-сенім, салттар, ғұрыптар, ырымдар мен тыйымдар жүйесінің дендеп орныға бастаған жаңа ахуалға бейімделудің нәтижесі ретінде қарастыру қажет. Осы ретте ерекше екшеп айтар жайт – сайтан, жын, пері атауларының орнына ие ұғымы да қолданылды. Яғни, ие аталмыш ұғымдардың мағыналық эквивалентіне айналды.                                                                                                                                      Қазақта ерекше қара күшке ие батыр адамдардың иесі болады деген түсінік болған. Олар жолбарыс, бүркіт сияқты жыртқыш аң-құс кейпінде батырларды ұдайы желеп-жебеп, оларға күш беріп, жаудың мысын басуға жәрдемдеседі екен деседі. Мысалы, Абылай ханның иесі – Ақ бура, Ер Жәнібектің иесі – Көкбөрі, Райымбек батырдың иесі – түйе саналған.                  Сонымен қатар, қазақта аң-құс пен мал түліктерінің иелері болады деп есептелген. Мал түліктерінің иелерін жылқыда Қамбар ата, түйеде Ойсыл қара, ешкіде Шекшек ата, қойда Шопан ата, сиырда Зеңгі баба деп атайды. Олардың кәріне ілігуден сақтандыруға бағытталған әр түрлі ғұрыптар атқарылды, ырымдар мен тыйымдардың қағидаларын бұлжытпай ұстауға тырысты. Мысалы, дәстүрлі қазақы ортада үй жануарына зорлық көрсетуге қатаң тыйым салу жосынына сәйкес, мал сойғанда «сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ» деп оның иесінен кешірім мағынасында бата жасалды. Сондай-ақ, аңды атардың алдында аңшы алдымен әлгі аңның иесіне бағытталған тұрақты сөз тіркесіне айналған жалбарыну және кешірім сұрау мағынасындағы сөздерді айтқан соң ғана атқан. Ислам діні келгеннен кейін малдың иелерін – пір деп айту қалыптасты. Мұндай жайтты этностену үрдісімен түсіндіруге болады.     Байырғы түсінік бойынша, дүниедегі жанды дүниенің ғана емес, жансыз зат атаулының, табиғат құбылыстарының да иесі болады. Мысалы, «су иесі – Сүлеймен, «Жел иесі – Мірқайдар», «Жол иесі – Қамбар», «Су шығырының иесі – Әлі Шынар» деген сияқты. Табиғи ортадағы заттарға немесе құбылыстарға тікелей қатысты іс-әрекет жасағанда міндетті түрде олардың иелерінен рұқсат алу керек деп есептелді. Мысалы, түнде суға барғанда: «су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет» деп суға тас лақтырылады. Бұл үрдіс енді су алуға болады дегенді білдірді. Сондай-ақ, иесі бар деп саналатын қасиетті ( арша, адыраспан, қожашөп ) және емдік шөптерді адам өз кәдесіне алар алдында иелеріне тәу етеді.                              Қазақтың ежелгі тәңіршілдіктен бастау алатын Жаратқан ие, Жасаған ие, Тәңір ие, Түп ие деген ұғымдар ислам дінінің қазақы ортаға орнығуына байланысты ие тек қана Алла Тағалаға қатысты айтылатын болды.