ИШI

lat: ISHI

мал мен аң терлерiн илеп өңдеумен шұғылданатын маман. Ертеде әр адам өзінің шама-шарқына қарай тері илеп, керек-жарағына пайдаланатын болған. Сонымен бірге тері илеуді сапалы атқару шеберлігі шыңдалған тәжірбиесі мол ишілердің ғана қолынан келді. Тері илеуге қажетті иі мен малманы иші өзі дайындаған. Теріге жағатын идің немесе теріні батырып салатын малманың құрамын әр иші өз тәжірибесіне және иленетін терінің сипаты мен қандай бұйым жасалатындығына байланысты анықтады.                                                                     Иші қымбат бағалы аң терілерін, қозы-лақ елтірісін, қоңыр аң терілерін, ірі қара терілерін илеп өңдеудің сан ғасырлық өзіндік технологиясы қалыптасты. Одан тұрмыс және шаруашылық мақсаттарда қолданатын шикізат түрлері елтірі, пұшпақ, былғары, қайыс, көзел, шагрен, жарғақ, күдері, көн тәрізді алуан түрлі өнім алынды. ХХ ғ. басында үлкен қалаларда былғары илеп, былғары жасауды кәсіп ететін қазақтар аз болмаған. Соған байланысты теріші және ысшы сияқты кәсіпқойлар пайда болды. Дәстүрлі қазақы ортада қайыс пен елтірі, мал терісін өңдеушілерді иші деп атау қалыптасты.