ЖАМАНАТ

lat: JAMANAT

кездейсоқ жайсыз жағдайға ұшырағанда, өлім-жітім болғанда немесе кенеттен жау шапқанда естіртетін суық хабар. Жаманаты естірткенде отбасының жағдайына қарамастан үй іргесіне дейін атпен шауып келіп жеткізген. Сондықтан дәстүрлі ортада жұрт тыныш, ел аманда үй іргесіне дейін атпен шауып келуді, үйге жүгіріп кіруді жамандыққа балап, оған тыйым салынады. Ел тыныштығын ойлаған әрбір жан: «Құдайым жаманаттан сақтай гөр» деп Жаратқанға жалбарынады.                                                                                                              Сонымен қатар, дәстүрлі ортада қылмыс жасаған адамды жаманат жасады, жаманатты болды деп айыптап, жазасын беріп, тіпті елден аластатады. Айталық, ата-анасының алдынан кесе-көлденең өтіп, тіл тигізгендерді қара есекке теріс мінгізіп, ауылды аралатып масқаралап, ауылдан аластап, үйін ауылдың шетіне тіктіртеді. Ондай адамдармен ауыл адамдарының ешқайсысы араласып тілдеспейді. Ал бұл дәстүрлі қазақы ортада масқаралау деп аталатын (немесе ар жазасы) жазаның ең ауыр түрі болып саналады.