СЕРІКТЕС

lat: SERİKTES

з а т. 1. Күрес пен шайқастарда бірге сыннан өткен, бір сапта болған пікірлес, жолдас. Орта Азия мен Қазақстанға аты мәлім Жүсіпбек Арыстанов, Құсайынбек Әміров, Сара Есова сынды Ғани Мұратбаевтың жалынды с е р і к т е с т е р і туралы көптеген тың мәліметтерді алғаш рет Ильяшевтің әңгімелеуінен естіген едік («Соц. қаз.»). Ол мынау жауынгерлік саптағы қанды көйлек с е р і к т е с т е р і н е н айырылғысы жоқ (Ә.Сәрсенбаев, Таңд.). 2. Қандай да бір саяси немесе экономикалық одақ, бірлестік бойынша компаньон, әріптес. Үлкен қатардағы салтанатта Президент Н.Назарбаев бір кеңістікте өмір сүргендегі жинақталған тәжірибе мен қалыптасқан дағды тең қатар бағыт ұстанған бүгінгі күнімізге де аса қажеттілігін еске салса, В.Путин Қазақстанды сенімді с е р і к т е с ретінде бағалайтынын жеткізді («Жас Алаш»). Уақ қарыз серіктестігінің қызметі кедейлерге ақша таратып беріп отыру ғана емес, с е р і к т е с т е р і н і ң кәсібіне керекті құралдар, саймандар тауып беріп отыру (Абай, Шығ.). 3. Ойлары ортақ, қатарлас жүрген адам. Бірақ с е р і к т е с т е р і н і ң ішінен мұның істегенін істей алар ешкім байқалмайды (Ғ.Мұстафин, Оянған өлке.).//Достас, ортақтас. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен с е р і к т е с, сырлас осылар «бәрекелді» дер еді (Абай, Шығ.). Қарағым, мен тоқуға айналдым, сен қалайсың? деп с е р і к т е с баламның бүйірін түрттім (М.Сатыбалдиев, Шығ.).