КЕЗ

lat: KEZ

садақ оғының артқы жағы, серіппеге ілінер ойыс түбі. Кез көне түркі тілінде «оқтың артқы жағы» мағынасын білдірген. М.Қашқаридың сөздігінде оқ кезі сөз тіркесі ұшырасады. Көне түркі тілінде кез есім сөзінен туындаған етістіктер бар: ер оқ кездеді (Ер адырнаға оқтың артқы жағын дәлдеп орналастырды). Көне түркі тілінің кез, кезгәр сөздері қазіргі қазақ тілінде мағынасы жағынан да, тұлғасы жағынан да аз болса да өзгеріске ұшыраған. Қазіргі қазақ тілінде кез сөзінен туындаған кезену (кезеу) етістігі қолындағы қаруын біреуге не бірнәрсеге қарай «оңтайлау», «оқтау», «көздеу» мағыналарында кездеседі. Бұл сөз басқа түркі тілдерінде осы мағыналарда қолданылады. Қырғыз тілінде кезен етістігі «қауіп төндіру», «сескендіру», «қорқыту» ; хакас тілінде кизен «қауіп төндіру», «қорқыту» мағыналарын білдіреді.