КЕРІК

lat: KERİK

теріні жайып кептіретін ағаш. Бұтағы айыр, аша болып өскен ағаштан теріні кептіру үшін кергіш ағаш жасайды. Дәстүрлі ортада керікті көбінесе аң терілерін керіп кептіруде қолданады. Жануарлар терісінің ірі немесе ұсақтығына қарай керікте әр түрлі көлемде жасалады. Аң терілерін бітеу, яғни мес қылып сою үшін артқы аяқтарының тірсегінен терісін айналдыра кесіп алады да, оны басына қарай бас терісімен бірге сыпырып алады. Сыпыру кезінде теріге пышақ тигізбей, қолмен ірейді. Осы бітеу сыпырылған теріні тұздап, аталмыш керікке керіп, кигізіп қояды. Теріні жел қағып кебуі үшін оның қуысына қағаз, киіз, сабан т.б. заттардан кепіл қойылады. Ол теріні керіп, қуысына ауа кіруін қамтамасыз етеді.