КИЕ

lat: KIE

халықтық ұғымдағы жанды, жансыз заттарда болатын ерекше тылсым күш, қасиет. Дәстүрлі наным-сенімде қасиетті адамдарды (пайғамбар, әулие, көріпкел), аң мен құсты (қасқыр, марал, аққу), жер-суды (киелі орындар, кесенелер, өзен-көлдер), ғарыштық денелерді (көк, ай, күн, жұлдыз), адамның кәсібі мен есімдерін киелі деп санап, оларға сиыну үрдістері болған. Халық дүниетанымында киелі заттарды құрметтеу береке-бірлікті арттырып, құт әкеледі десе, керісінше жағдайда киесі ұрады деп есептеледі. Сондықтан киелі саналатын адамдарға тіл тигізбейді, жан-жануарларға зұлымдық жасамайды, киелі дүниелерге зор құрметпен қарайды. Ш.Уәлиханов қазақы ортадағы кие туралы наным-сенім жөнінде былай деген болатын: «Қазақтар киеге үлкен мән береді. ...құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары кесір деп аталады» . Киелі деп саналатын заттар мен құбылыстардың түрлері көп. Халық арасында олардың желеп-жебеушісі, қолдаушы пірі болады деген де ұғым қалыптасқан. Сондықтан кие деген сөз «пір», «ие» деген ұғымда да қолданылады.