КӨЙЛЕК

lat: KÓILEK

матадан тігілген жұқа, жеңіл бой киімінің атауы. Қазақта адам дүниеге келгеннен бастап әлеуметтік, қоғамдық орнына, жас ерекшелігіне қарай әр алуан көйлек түрлерін киеді. Дүниеге келген сәбиге ең алғашқы кигізілетін көйлек түрі иткөйлек деп аталады. Қырқынан шыққанша кигізілетін мұндай көйлек түрінің тігісі сыртына қаратылып, кең етіп тігіледі. Иткөйлек жынысына қарай ерекшеленбейді. Бұдан кейінгі сәбилік кезеңде киілетін көйлек ұқсас болғанымен, біртіндеп ұл мен қыз баланың көйлектері ерекшелене бастайды. Балалық кезеңде қыздар көйлегінің етегі ұзын және ашық түсті сәнді маталардан мүмкіндігінше әсемделіп (кестеленіп, моншақтар қадалып, әдіптеліп) тігіледі. Ал ұл баланың көйлек үлгілері бітім-болмысына ыңғайланып, әртүрлі матадан етегі қысқа болып тігіледі. Осы орайда атап өтетін жайт, дәстүрлі қазақы ортада көйлек деп әйел адамның матадан тігілген етек-жеңі ұзын жеңіл бой киімдерін атайды. Дегенмен, кейбір аймақтарда ер адамға арналған қысқа етекті жеңіл бой киімін де көйлек деп атау кездеседі.                                                                                Көшпелі ортада әйел затының көйлегінің етегі мен жеңі міндетті түрде ұзын болып келеді. Тек, ішкиім түріне жататын ішкөйлек қимыл-қозғалысқа жайлы болатындай етек-жеңсіз тігілетін. Қазақта қыздардың, келіншектердің және егде әйелдердің көйлектерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған байланысты, олардың алуан түрі кездеседі. ХІХ ғ.-дың соңынан бастап орысша оқыған, қала тұрмысына бой ұсынған қыздар қысқа етегі қысқалау болып келген көйлек түрлерін тұтына бастады.