ҚАЛАМПЫР

lat: QALAMPYR

тропикалық өңірде өсетін ашылмаған гүлдердің кептірілген қауашақтары. Жерімізге шығыс елдерінен саудагерлер арқылы әкелініп, кеңінен тараған. Қалампырдың өзіндік әдемі бір иісі болғандықтан, оны әжелер сандықтағы киімнің арасына салып сақтаған. Оған қоса мәйітті жуып, кебінін ораған кезде иіс шықпас үшін арасына осы қалампырды қоса ораған. Қыз-келіншектер хош иісі үшін қалампырды моншақ қылып мойындарына таққан. Емдік қасиеті болғандықтан, бас және тіс ауруларына қарсы қолданылды. Сәл ашқылтым, бірақ тіл үйірерлік дәміне байланысты қазақы ортада шайға да қосып ішкен.