КҮН

lat: KÚN

жер бетіндегі тіршілік иелеріне өмір нәрін беріп тұрған аспан денесі. Бағзыдан бері адам баласының наным-сенімі мен мәдениетінде үлкен мәнге ие болған объект. Күнді қазақтар ұдайы қозғалыстағы адасқақ жұлдыздар немесе жүрдекі аттар деп аталатын аспан денелерінің қатарында қарастырады. Археологиялық деректерді бағзыдағы мифтік дүниатаныммен шендестіре зерттеген ғалымдар атқа жегілген арба дөңгелегінің кегейін күнмен байланыстырған. Өйткені, күн де, арба да дүниенің төрт бұрышын шарлайтын ұдайы қозғалыстағы объектілер деп түсінген. Қазақтың қара өлеңінде жер-дүниені «диірменнің шыр айналған тасына теңеуінде» жер-жаһанның күнді айнала қозғалуын меңзейді.