ҚАДАМ

lat: QADAM

адамның жүру кезіндегі адымына тең ұзындық бірлігі. Халық арасына кең тараған бұл өлшемнің ұзындығы шамамен 60-70 см болған. Қадам өлшемі тұрмыста кеңінен қолданылған. Қадамға байланысты қырық қадам деген ғұрыптық мәнді тұрақты сөз тіркесі бар. Мысалы, жерлеушілер көрден, қабірден қырық қадам ұзаған соң Нәңкүр-Мәңкүр періште сұрақ алады дейді. Жолаушы өз үйiнен қырық қадам ұзап шыққан соң мүсәпiрге айналады деген тұрақты сөз орамы кездеседі. Бұл жердегі қырық қадам метафора. Ол жолаушы үйінен ұзап шыққаннан кейін белгілі дәрежеде дәрменсіз болып қалды дегенді білдіреді. Нәресте қырқынан шығарылғаннан кейін үйден қырық қадам ұзап шығу керек деген ырым да бар. Мұндағы қырық қадам нақты өлшем емес, бұл сәбидің үйден ұзап шығуына, өзгенің үйін аралауға болады дегенді білдіреді. Яғни, аталмыш ырымның метафоралық тәсілмен айтылуы болып табылады.