lat: SHAPAǴAT, SHAPQAT, SHAPǴAT, SHAFQAT, SHAFAǴAT , SHAFAQAT, SHAFEǴAT
(ар. шафағат, шафқат شفقة , شفاعة)
1. Аяу, жаны ашу, есіркеу.
2. Ауысп. Мейірім, рақым, қамқоршылық.
Әбубәкір, Омар, Осман ағаларым, Шапағат қылсайшы, – деп жылады зар («Қисса Зарқұм». Бабалар сөзі. 12-том. 2005. 100 томдық).
Бұл сондай сасқан уақтымда, Я расул, қыл шапағат («Мұңлық-Зарлық». Ғашықнаме, 1976).
Білмеселер құстарың, сөзім сізге, Шапағат қылып бұ біздің баламызға («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық).
Рахым, шафқат етсеңіз өзіңіз біл, Сенің үшін өз жанымды қылдым құрбан («Мәлік Хасан». Қисса-дастандар, 1986).
Береке, мейір, шапқат болды ұмыт, Күн бұрын күдер үзіп, көңілің суыт («Қолыма қағаз, қалам алайын да». М.Жүсіп, І-том, 2003).
Және де рақым- шапғат, сен қайдасың? Сөзінен әуелгі айтқан ер таймасын («Сыздық Мәшімбайұлына». М.Жүсіп, І-том, 2003).
Шапағат сұру – шапағат тілеу.
Сейіт енді Хақ ғинаят зары қылды, Мұхаммед Мұстафадан шапағат сұрды («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).
Шапағатшы – қамқоршы.
Аз ғана жоқтап сөйлейін, Арғынның жалғыз шырайын, Ғазиз рухын, мақшар күні шапағатшы қылғай-ды («Мұса Шорманұлы». М.Жүсіп, І-том, 2003).
Айша да шапағатшы ерген жанға, Ықыласын Хақ жолына берген жанға («Қисса хазіреті Айшаның тұһматы». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).
Он сегіз мың ғаламға шапағатшы, Расулды жамандаған адам оңбас («Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).
Шапқатты сөз – жылы сөз.
Мейірі шәрбат бал татып, Шапқатты сөз қатып, Дариға түсте жүрісті («Зияда-Шахмұрат». Қисса-дастандар, 1986).
Шафағатлұ – мейірімді, рақымды.
Хайрлұ уа шафағатлұ назарұңыздан махрұм етмегей едүңіз деб иазғучы Шаһмар Көчербаеф (1859 жылы Ш.Көшербаевтың Н.И.Ильминскийге жазған хаты).
Падшаһ ғузма хазретінің иұртын ұлұғ білеміз фарман бірадарлық қылұрмыз уа падшаһны мархаматлу уа шафақатлу білеміз (1785 жылы кіші жүз ақсақалдарының П.Екатеринаға жазған өтініші).
Шафақат меһірбан – шапағат, мейірім.
Бұ иеңіл сағшылы қырғыз қазақ рағиатге көб пәнд уа насихатлар қылұб дәргоһ ғалиаларыңның мазарына шафақат меһірбаныңызны инандұрұб кеткенден соң... (1790 жылы Сырым Датовтың ІІ Екатеринаға жолдаған шағымы).
Шафеғатсыздық – мейірімсіздік.
Милләт пен балалары арасындағы бұл ала көздік, шафеғатсыздық милләттің... ақырында бітуіне себеп болар («Тіл-әдебиет», Айқап, 1912, №10).