ШАҚЫРЫМ

lat: SHAQYRYM

зат. Шамамен 1000 метр. Орыстың верстасына тура келеді. Қазақтың қашықтық өлшемдерін білгіңіз келсе, тағы мыналар бар: қол созым жер, қарға адым жер, қамшы салым жер - тым жақын жер, таяқ тастам жер, арқан бойы жер, желі бойы жер, қозы көгеніндей жер, иек астындағы жер - бір қыр асты, таяу жер. Иек артпа жер, әудем жер - тиіп тұрған жер. Дауыс жетер жер - 2-3 шақырым. Ит үргені естілер жер, қара көрінім жер, көз ұшындағы жер - 2-5 шақырым. Бір бауыр (бой жазар) жер - 4-5 шақырым, қой өрісіндей жер - 5-6 шақырым, тай шаптырым жер - 5-7 шақырым, қозы көш жер - 6-7 шақырым, құнан шаптырым жер - 8-10 шақырым, бір көш жер - 10-15 шақырым, ат шаптырым жер - 20-35 шақырым, түстік жер - 30-40 шақырым, күншілік жер - 90-100 шақырым, ара қоным жер - 200-250 шақырым, ит өлген жер, ит арқасы қиянда - қашық, жырақ жер, қиыр, жер түбі - өте алыс, шет жер, жер мойны қашық, түйенің табаны түсер жер, алты айшылық жер - Меккеге қажылыққа барар, тым шалғай жер.