ӘДЕТ

lat: ÁDET

Адамның іс-әрекетіндегі мінез-қылығына байланысты тұрақты қасиеті. Психологиялық тұрғыдан алғанда әдет адамның белгілі бір іс-әрекет түрін бұрынғы өмір тәжірибесінде қалыптасқан дағдылары мен біліміне сүйене отырып жүзеге асыруға септігін тигізеді. Адамның тарихи дамуында ол көпшіліктің игілігіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге айналып, халықтық сипат алуы мүмкін. Әдет адамның қажеттілігін өтеуге сәйкес қайталанып отыратын әрекет. Ол адамның кез келген іс-әрекетінің түрінде кездеседі.

Еңбек сүйгіштік, жақын адамдардың ісіне көмектесу, ұйықтау алдында серуендеп, жуынып-шайыну әдеттің ұнамды әрі пайдалы түрлері. Ал ұстамсыздық, біреудің сөзіне кесе-көлденең кірісіп, оны бөлу әдеттің ұнамсыз сипаттары. Жағымды әрекеттер адам мінезінің ұнамды жақтарын қалыптастыруға әсер етеді. Әдет адамның тыныс-тіршілігінде біршама тұрақты қалыптасқан, бойына үйреншікті болып кеткен әрекеттің автоматтандырылған түрі. Оның дағдыдан айырмашылығы: мұны адам ылғи да қажетсініп тұрады және өзі бекітілген сәйкес жағдайларда үнемі тұрақты қайталанып тұрады.

Бұл әрине адаммен көбінесе саналанбайтын және өзіндік реттелуге келмейтін мінез-құлық ерекшелігі. Әдеттердің өзі негізінен екі түрге жақсы және жаман әдетке бөлінеді. Әдеттерден құтылу өте қиынға соғады. Олар тіпті организмнің психофизиологиялық таптаурын реакцияларына айналып кетеді. Әдет адамның тума қасиеті емес. Ол өмір сүру процесінде пайда болып, бекиді. Жақсы әдет адамның, бедел-абыройын арттыруға, күш-жігерін, уақытын мақсат еткен пайдалы істерге жұмылдыруына, көп істерді тындыруына көмектеседі, бала-шағасы мен айналасындағы адамдарға үлгі-өнеге рөлін атқарады, ал жаман әдет керісінше мінез-құлқына нұқсан келтіреді.

Адамның ісәрекетінің түр-түріне байланысты, сондай-ақ психикалық қасиеттерінің көрінуі ерекшеліктеріне қарай түрлі салаларға бөлуге болады. Мысалы, гигиеналық-санитарлық әдеттер, мәдени әдеттер, еңбек әдеттері және т.б. сияқты. Әдеттердің қалыптасуына шартты рефлекстер жүйесі немесе динамикалық стереотиптер негіз болады. Әдет-ғұрып белгілі бір жергілікті аймақта күші бар немесе бір не басқа топтағы адамдардың қабылдаған, яғни әдетке айналған қылық ережелері: халықтық құқық және этикалық кодекс.