Тері

lat: Teri

омыртқалы жануарларды жабынды денені сыртқы ортадан шектейді. Келесі қызметтерді атқарады: қорғаныштық (денені механикалық əсерден жəне зақымдардан, түрлі заттардың жəне микроорганизмдердің енуінен сақтайды), бөлгіштік (судың жəне түрлі зат алмасу өнімдерінің бөлініп шығуы), сезгіштік (теріде орналасқан нерв ұштарының көмегімен жүреді), секреторлық (көптеген бездердің қызметтері), ал төменгі сатыдағы жануарларда термореттеуші. Тері астындағы жасұнықта (клетчатка) май түрінде қоректік заттардың қоры жиналады. Басты үш қабаттан тұрады: эпидермис эктодермальді туындылардың сыртқы қабаты, дерма жəне тері асты жасұнық мезодермадан пайда болған дəнекер ұлпаларының қабаттарына жатады. Омыртқалыларда эпидермис көпқабатты, кутикула түзбейді. Эпидермистің төменгі қабаты базальді өзінің тіршілігінде жаңа қабаттарды түзеді. Жер бетіндегі омыртқалыларда эпидермистің жоғарғы қабаттарының клеткалары қабыршақтану жəне түлеу арқылы түсіп отыратын мүйізді қабыршақтарға айналады. Дермада дəнекер ұлпалардың клеткалары кездеседі. Терінің беткі қабатының құрылысы терінің механикалық құрамын, васкуляризациясына жəне қан тамырлардағы қан қысымына жəне дерманың эластикалық жəне коллагенді талшықтарының орналасуына байланысты. Дермада қан жəне лимфа қантамырлары жəне нервтер, тері бездері, қауырсын жəне шаш негіздері кездеседі. Төменгі сатыдағы жануарлардың (қазылып алынған жақсыздар, балықтар, стегоцефалылар) дермасында жануар денесін қорғайтын сүйекті қабыршақтар дамиды. Жоғары сатыдағы жануарларда терінің қорғаныштық қызметін эпидермистің жəне оның туындыларының біршама қалыңдаған мүйізді қабаттары атқарады. Дененің белгілі бөлігінде эпидермистің мүйізді қабатының жуандауы тырнақтың, тұмсықтың, тұяқтың жəне мүйіздің дамуына алып келді. Эпидермистің ерекше көп функциональді түзіндісі тері бездері болып табылады.