Сүйек

lat: Súıek

омыртқалы жануарлар қаңқаларының негізгі элементі. Сүйек ұлпасы клеткалардан жəне минералданған клеткааралық заттардан құралған дəнекер ұлпасының бір түрі. Клеткалары: сүйекті зат алмасумен (белок, су, ион) қамтамасыз ететін, бірбірімен өсінділері арқылы байланысатын, клеткааралық затта толығымен қоршалып жататын остеоциттер, сүйек түзілу аймағындағы өсу клеткалары остеобластар жəне сүйекті резорбция процесімен қамтамасыз ететін остеокластар. Сүйектің өсуі мен қызметтік жүктеменің өзгеруі кезінде остеобластар мен остеокластардың бірлесе əрекет етуінен сүйекте қайта түзілу кезеңдері жүреді. Клеткааралық заттары коллаген талшықтары мен негізгі заттардан тұрады. Сүйек ұлпасының коллагенінде арнайы полипептидтердің өте көп болуымен шеміршек ұлпасының коллагенінен ерекшеленеді. Негізгі заттары гликопротеидтер мен протеогликандардан тұрады. Минералды компоненттері негізінен кристалл апатиттен, кальций сулфаты мен кальций карбонатынан түзіледі. Кристалдарда кальций иондары радий, стронций, барий иондарына, ал гидрооксильді кальций иондары фтор иондарына алмасуы мүмкін. Сүйектің минералдануына сүйек ұлпасының гликопротеидтерінің ерекшеліктері мен остеобластардың белсенділігі себеп болады. Сүйек ұлпасы ірі талшықты жəне пластинкалы болып екіге бөлінеді. Ірі талшықты (ұрықта, ересек организмдерде ми сауытының жіктері мен сіңірдің бекінетін жерлеріндегі аймақта кездеседі) сүйек ұлпасында талшықтары ретсіз, пластинкалы (ересек организмнің сүйегін түзетін ұлпа) сүйек ұлпасында талшықтар қатаң түрде қалыптасқан, остеондардың құрылымдық бірлігін түзетін жекелеген тілімдерге топтанып орналасады. Сүйек пішіні мүшелердің атқаратын қызметіне байланысты əртүрлі болып келеді. Негізінен сүйектерді пішініне қарай ұзын немесе түтікті, жалпақ, қысқа деп бөлеміз. Түтікті сүйектердің ортаңғы бөлігін диафиз, екі басын эпифиз деп атайды. Диафиз тығыз заттардан, эпифиз, жалпақ, қысқа сүйектердің денесі жұмсақ тəрізді заттардан түзіледі. Диафиздің ішкі қуысында жəне жұмсақ заттардың ұяшықтарында сүйе майы орналасады. Сүйектің сыртын дəнекер ұлпалы қабықша периост немесе сүйек үсті қабаты жауып тұрады. Диафиздің тығыз заттары қалыңдығы 4-15 мкм тұратын тілімдер жүйесінен түзілген. Бұл жүйе бірнеше қабаттардан тұрады: периостқа қараған, фолькман каналының меншікті қабырғалары арқылы нервтер мен қан тамырлары келетін сыртқы, негізгі тілімдер қабаты, сүйекке ерекше беріктілік беретін остеон қабаты жəне негізгі тілімдердің ішкі қабаты. Сүйек кальций жəне фосфор депосы, сүйектің берік болуын жəне тығыздалып жинақталуын, қан плазмасындағы кальций иондарының құрамын жəне остеокластардың белсенділігін бақылау кальциотонин гормондары мен парат гормондары арқылы реттелінеді. Эмбриогенезде сүйек остеобластардың көмегімен немесе мезенхимадан тікелей остеогенді аралшықтардың бөліну жолымен немесе шеміршек бастамаларының орнына сүйек үсті бөлігі, сосын сүйектің қызыл май қуысы дамиды. Бұзылу немесе қайта жасалу процестерінің өзара байланыстарының арқасында сүйек ұлпасы регенерация процесіне өте жоғары деңгейде қабілетті келеді. Сүйек мүше ретінде тұрақты түрде қызметтік жүктемелердің өзгеруіне қарай өзінің механикалық қызметі бойынша бейімделіп, қайта құрыла алады.