Кірпікше

lat: Kirpikshe

жануарлар мен кейбір өсімдіктер (кейбір папоротниктердің гаметалары, цикадтылар мен гинкго) клеткаларының қозғалыс пен рецепция органоиды. Кірпікшелер əсіресе кірпікшелі қарапайымдыларда (1 инфузорияда 14 мыңға дейін), көптеген теңіз жануарларының еркін жүзетін дернəсілдерінде жəне де көпклеткалылардың эпителийлерінде (1 клеткаға 500-ге дейін) болады. Жалғыз кірпікше əртүрлі клеткаларда кездеседі (фибробласт, нерв, жүрек, бүйрек эпителийі). Бұл кірпікше қозғалыссыз жəне олардың орталық жұп микротүтікшелері болмайды. Кірпікшелердің ультрақұрылымы талшыққа ұқсас, бірақ кірпікшелер қысқа (5-10 мкм) келеді, ортасында базальды денешігі болады. Кірпікшелер маятник тəріздес қозғалады. Көпкірпікшелі клеткаларда кірпікшелердің қозғалысы бірізді болады, бұл оларға суды, шырышты жылжытуға (сүтқоректілердің тыныс алу жолдарының эпителийі) немесе тұтас клетканы қозғалтуға (инфузория, кірпікшелі құрттар, гаметалар) мүмкіндік береді.