Ядро

lat: Iadro

көптеген бір клеткалы жəне барлық көп клеткалы организмдер клеткаларының міндетті бөлігі. Клеткада қалыптасқан ядроның болуы немесе болмауынан барлық организмдерді эукариоттар жəне прокариоттар деп бөледі. Ядродан цитоплазмаға гендердің белсенділігінің өнімдері цитоплазмада белок синтезін қамтамасыз етіп жəне оның ерекшелігін анықтайтын РНП, РНҚ əртүрлі түрлері саңылаулар арқылы шығады. Сондықтан да ядро барлық белок синтездерін жəне солар арқылы клеткадағы физиологиялық жəне морфологиялық процестерді басқарады, ал цитоплазма ядродағы генетикалық аппараттың белсенділігін реттейді жəне генетикалық аппаратты материалдармен жəне энергиямен қамтамасыз етеді. Ядроға цитоплазмадан енетін гендердің белсенділігін реттейтін реттегіштердің əсерімен осы немесе басқа ядро гендерінің транскрипциясының ативациясы немесе инактивациясы өтеді. Сонымен қатар, ядроға ядроның ядрошық, хроматин т.б. құрылымдарының құрамына кіретін белоктар, РНҚ синтезі, ДНҚ репликациясы үшін қажетті ферменттер мен бастапқы заттар да түседі. Қарапайымдылар мен кейбір төменгі сатыдағы өсімдіктерде митоз процесінің алдында ядроға тубулиндер (митотикалық ұршықтың микротүтікшелерінен түзілген белоктар) түседі.