Жұмыртқа

lat: Jumyrtqa

Жұмыртқадан ұрықтану нəтижесінде немесе партеногенез жолымен жаңа организм дамиды. Жануарларда жұмыртқа немесе жыныс клеткасы ұрықтың дамуы үшін қоректендіргіш заттарға ие, жоғары маманданған клетка. Сүтқоректілерде 1827 жылы К.М. Бэр ашқан. Əдетте жұмыртқа жұмыртқа қабығымен қапталған. Жұмыртқаның түзілуі (оогенез) жыныс безінде жүреді. Көптеген жануарлар түрлерінде жұмыртқа домалақ немесе сопақша түрінде болады, жəндіктерде жиі ұзарған түрінде кездеседі. Кейде (губкаларда, кейбір ішекқуыстыларда) жұмыртқа анық пішінге ие емес жəне қозғалмайды. Жұмыртқаның мөлшері цитоплазмадағы сары уыздың санына байланысты түрленеді. Сары уыз қосындылары жоқ жұмыртқа кейбір паразитті жарғаққанаттыларда өте ұсақ (6×10 мкм). Сары уызы аз жұмыртқаның диаметрі плацентарлы сүтқоректілерде (қабықсыз) 50 мкм-ден 180 мкм-ге дейін, адамның жұмыртқасы 8991 мкм; көптеген омыртқасыздарда жұмыртқаның мөлшері ұқсас. Сары уызы көп жиналған жұмыртқаның диаметрі кейбір моллюскаларда, тікен терілерде, шаянтəрізділерде 1,4 ммге, сүтқоректілерде 3,5-4,3 мм, албырт балықтарда 6-9 мкм жетеді, жұмыртқасын ауыз қуысында ұстайтын теңіз сомдарында 17-21 мм, акулатəрізділерде 50-70 мм; тауықтарда жұмыртқа (белок қабықшасы жоқ) диаметрі 30 мм, страуста 80 мм. Жұмыртқаның үлкендігі жануарлар дене құрылысының үлкендігіне байланысты емес; ұрпағын қорғаушы жануарлар (мысалы, құстарда) аз бірақ ірі жұмыртқаларды салады; ұрпағына қамқорлық танытпайтын балықтарда жұмыртқа саны бірнеше мыңға жетеді, ал кейде бірнеше миллионға жетеді. Мұндай корреляция аналық организммен тығыз байланыста дамитын ұрықтарда (плацентарлы сүтқоректілер) болмайды олар бір уақытта аздаған ұсақ жұмыртқалар шығарады. Жұмыртқа құрылысы полярлы: жұмыртқаның анимальді полюстің бағытында, мейоз процесінің барысында полярлық денешіктер бөлінеді, қарамақарсы вегетативті полюсте сарыуызды қосылыстардың концентрациясы артады. Цитоплазмадағы жұмыртқаны бөліп тұрушы аймақтар əр түрлі морфогенетикалық потенцияға ие, ол мозайкалық жұмыртқада айқын көрінеді (моллюскаларда, сақиналы құрттарда жəне т.б.); басқа жануарларда (тікентерілерде, кейбір омыртқалыларда жəне т.б.) жұмыртқа регуляторы, олардың ұйымдастырылуы лабильді. Жұмыртқаның жартылай өткізгіштік плазматикалық мембранасы жиырылғыштық қасиетке ие. Цитоплазманың сыртқы (кортикальді) қабаты микротүтікшелер түзеді, көптеген жануарларда онда кортикальді денешіктер бекінген, денешіктер құрамы жұмыртқаның активтену барысында цитоплазмадан бөлінетін заттардан тұрады. Беткі қабатқа жақын жерде пигментті гранулалар орналасқан. Жұмыртқада ядроның түзілуі əр түрлі жануарларда мейоз процесінің қай сатысында бекітілуіне байланысты. Жұмыртқаның цитоплазмасы митохондриядан, Гольджи кешенінен, эндоплазматикалық тордан жəне рибосомадан тұрады; клетка орталығы əдетте оогенездің соңына қарай жойылып кетеді жəне ұрықтанудан кейін қайта түзіледі. Цитоплазмадағы сары уыздың мөлшеріне байланысты жұмыртқаны бірнеше типке бөлеміз (алецитальді, олиголецитальді, мезолецитальді, полилецитальді), оның таралуына байланысты (гомо немесе изолецитальді, телолецитальді, центролецитальді) жəне бөлшектену типіне байланыстыолобластикалық, меробластикалық). Өсімдіктердің жұмыртқасын көбінесе жұмыртқа клеткасы деп атайды.