ШАҢЫРАҚ

lat: SHAŃYRAQ

Киіз үйдің уықтарын біріктіріп ұстап тұратын күлдіреуіштері бар дөңгелек шеңбер, киіз үй сүйегінің негізгі бір бөлігі. Ол талдан немесе қайыңнан жасалады. Оның үлкен шеңберінде, иіп жасалған 8 күлдіреуіші болады. Шаңырақ шеңберінде айнала уық өткізуге арналған көз жасалады. Шаңырақ жасайтын ағаштың қабығын аршып, көлеңкеде кептіреді де, қозға көміп жұмсартады. Бұдан соң оны жонып, тезге салып иіп, қажетті шеңбер пішініне келтіреді. Күлдіреуіштердің дөңес жағын үстіне қаратып, шеңберге бекітеді. Шаңырақтың екі бүйірінен екі желбау байланады. Шаңырақтың шеңберін сырлап, ішкі жағын сүйекпен, күміспен әшекейленген түрі де болған. Көне түркі тайпаларында шаңыраққа белгі соғылып, ол уақыт мерзімін ажырататын сағат есебінде пайдаланған.