БЕСІК

lat: BESİK

Жас нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Қазақ, қарақалпақ, қырғыз, ұйғыр халықтарында бар, тек жасалуы жағынан түрліше. Қазақ бесігі бірнеше бөлшектерден тұрады: екі басы, арқалық, бесіктің асты, екі ұзын шабақ т.б. Бесік жасауға көбінесе тал, қарағаш, қайың қолданылады. Бесіктің екі басы доғаша иіліп, не бөлек ағаштардан қиюластырылып жасалады да, ортасынан екі шабақ орнатылып, төменгі ұштары дөңес табанмен, ал төбесі арқалықпен қосылады. Бесіктің түбі тақтайдан салынады. Қазақ бесігі мейлінше жеңіл, ықшам және берік, көшіп-қонғанда ыңғайлы болады. Бесікке бөленген бала еш уақытта ашылып қалмайды. Баланың тазалығына да қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Бесікке құс төсек, жастық, жөргек, жаялық, қол бау, тізе бау, тізе жастық, бесік көрпе қоса даярланады. Бесік қазақ арасында ертеден тараған, көшпелі өмір кезінде шыққан.