1911-1915 жж. аралығында Троицк қаласында шығып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби журнал. Алғашқы редакторы Мұхамеджан Сералин. «Айқап» сол кездегі қазақ қоғамының дүр сілкінуіне, ой-санасының оянуына, ұлттық, мәдениетінің дамуына маңызды үлес қосты. Қазақтың «Әй, қап!», деп сан соғып, «әттеген-ай», деп тілін тістейтін тұстарын түзетуге бағдар берді. Қазақ ауылындағы оқу-ағарту, әйел теңдігі, отырықшылық тұрмысқа көшу сияқты тақырыптармен қатар Мемлекеттік Думаға қатысу сияқты саяси мәселелер де қаралды. Журналды шығаруға С. Торайғыров, А. Байтұрсынұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Б. Майлин, С. Дөнентаев, С. Көбеев сынды азаматтар ат салысқан.