БАЙ

lat: BAI

дәстүрлі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік топ. Жалпыхалықтық ұғымда есепсіз төрт түлік жиған мал иесі немесе ата-бабадан қалған байлықтың мұрагері. Қазақ қоғамындағы байлардың орны оның көшпелі мал шаруашылығының көлеміне, оны жүргізу шеберлігіне қарай айқындалды. Дала тұрғындарының күнкөріс тіршілігі өндірістің ерекше тәсілін табуды қажет етіп қана қоймай, сонымен бірге күрделі технологиялық механизмді, яғни әр отбасы жеке-жеке емес, қауымдасып өмір сүру процесін туғызды. Осы құрылым бойынша, ұжымдық еңбек қағидаты ыңғайымен, бірнеше ірілі-ұсақты шаруашылықтар үлкен бір қауымға бірікті. Қауымдастыңта шаруашылықты басқару мен көші-қонды ұйымдастыру, жайылым орындарын реттеп отыру бұл мәселенің қыр-сырын өзгелерден жетік білетін, оның үстіне дәулеті артық байларға тиді. Қауым екі жақты құрылым (жерге қауымдық меншік, малға жеке иелік; ұжымдық өндіріс және еңбек өніміне жеке меншік) болғандықтан, үнемі мүліктік және әлеуметтік іріктелу процесі жүріп отырды. Қауымдастықтағылардың кейбіреулері кедейлене түссе, енді біреулері мал басын арттырды. Әлеуметтік реттелу процесінің даму барысында байлар тобы қазақ даласының экономикалық, саяси, мәдени және интеллектуалдық элитасын қалыптастырды. XX ғасырдың 30-жылдарындағы сталиндік аграрлық төңкеріс дәстүрлі құрылымды күйретті. Байларды жаппай қудалап, мыңғырған малдарын тартып алды. Соның салдарынан, біртұтас құрылымның іргесі ыдырап, қазақтың далалық шаруашылығы қатты күйзеліске түсті. Большевиктердің «таптық қысым» көрсетуі салдарынан дәстүрлі құрылым өз элитасын, өзінің «менеджерлерін», зиялы қауымын жоғалтты. Қазақстан егемендігін алып, демократиялық жолға түсіп, экономикасының нарықтық бағытта өріс алуына байланысты жеке тұлғалардың өз алдына кәсіп қылып, байлық қорын молайтуға ерік берілді. Қазақстандағы бірқатар мемлекеттік кәсіпорындар, мәдени мекемелер, оқу орындары жекешелендіріліп, заңмен реттелді. Осыған орай, қазақтың іскер адамдары көрініп, жаңа байлар пайда бола бастады.