ӘҢГІМЕЛЕСУ

lat: ÁŃGİMELESÝ

1) сөздің коммуникациялы үрдіске негізделе мағлұмат алатын психологиялық, педагогикалық зерттеу әдісі; 2) оқытудың сұрақ-жауап әдісі, жаңа білімдерді алу үрдісінде немесе бұрын алынған білімдерді қайталау мен бекітуде мұғалім оқушының ақыл-ой іс-әрекетін белсендендіру мақсатымен қолданады. Психологияда әңгімелесу адам психикасының сырын зерттеудегі әдістің бір түрі. Зерттеуші әңгіменің алдына қоятын мақсатқа қарай даярланып, сөйлесетін кісіден жауап алуы үшін сұрақтарды алдын ала ойлануы қажет. Әңгімелесу барысында сұрақтардың түрі мен мазмұны әңгімелесіп отырған сыналушының өзіндік ерекшеліктеріне қарай түрленіп отырады. Сұрақтар әңгіме етілетін тақырыпты толық қамтып, қойылған сұрақтар сыналушыға түсінікті болуы тиіс. Әңгімелесіп отырғанда зерттеуші сыналушының сырт көрінісін бақылап қана қоймай, оның сөйлеу ерекшеліктерін, мимикасын, қимылдарын, эмоциялық сезімдерін де байқап отырады. Қойылған мақсаттың мазмұнына қарай, әңгімені бір адаммен ғана емес, бірнешеуімен, тіпті тұтастай топпен өткізуге де болады. Әңгімелесудің мұндай түрі сыналушылардың жауабын бірбірімен салыстырып отыруға мүмкіндік туғызады. Әңгімені стенограммалап отырса орынды болады. Негізінен психологияда әңгімелесу қосымша әдістердің бірі болып есептеледі.