БАҒДАР

lat: BAǴDAR

субъекттің дайын, пейілді болуы; белгілі бір объекттің пайда болатынын күн ілгері білген кезінде пайда болады және осы объектке қатысты іс-әрекеттің орнықты мақсаткерлік сипатта өтуін қамтамасыз етеді. Психологияда бағдар жануарлардың мақсатқа бағытталған әрекетін, ағзаның алдын ала мәлім жағдаяттарға бейімделуінің психофизиологиялық механизмдерін, психикалық процестердің таңдамалылығы мен бағыттылығын, тұлғаның іс-әрекетінің ұғынылмай реттелуінің, мінез-құлық қалыптасуының механизмдерін зерттеуде қолданылады, әлеуметтік психологияда бағдар топтың мүшесі ретінде тұлғаның белгілі бір әлеуметтік объектілерге қатынасын, әлеуметтік мінез-құлықтың өздігінен реттелуі, орнықтылығы және үйлесімділігі механизмдерін, әлеуметтену процесін, бағдардың мыс., насихат ықпалымен өзгерулерін зерттеу кезінде, сондайақ белгілі бір жағдаяттарда тұлғаның мінез-құлқының ықтимал нысандарын болжамдау кезінде пайдаланылады. Іс-әрекеттегі бағдардың негізгі функциялары: а) іс-әрекеттің орнықты, дәйекті, мақсатқа лайық сипатқа өтуін анықтайды; ә) субъектті стандартты, бұрын кезіккен жағдаяттарға шешімдер қабылдау қажеттілігінен босатады; б) іс-әрекеттің енжарлығына, қырсыздығына себепші болатын және субъекттің жаңа жағдаяттарға бейімделуін қиындататын фактор ретінде де көрінуі мүмкін. Бағдардың мазмұны оны туындаткан объективті фактордың, іс-әрекеттің кұрылымындағы орнына тәуелді болады.