ЗЕРДЕ

lat: ZERDE

тіліміздегі ақыл, сана деген түсініктерді білдіретін ұғым. Зерденің сапалық ерекшеліктері зерделі, ақынды, саналы деп аталады. Ақыл адамның белгілі мәселені шешудегі қабілеттілігі мен саналы түрдегі әрекеті. Психологияда зерде ұғымы адамның ойлау әрекетімен тығыз байланысты түрде дамып отыратын үздіксіз процесс. Зерделі адамды халық ақыл-ойы мен пайымы мол, санасезімі жетілген адам деп бағалайды. Зерде ақыл, ал ақыл адамның ойлау қабілеті. Адам ақылы арқылы кез келген мәселенің түйінін шеше алады. Осы орайда халықтың санасезімінде «Ақыл тозбайтын тон, білім таусылмайтын кен» дейтін мақал қалыптасқан. Зерденің мәнді белгілері адамның ұғымталдығы, зейінділігі мен қабілеттігі. Қабілет адамның белгілі істі орындауға бейімділігі мен ыңғайлығын білдіретін даралық қасиет, психологиялық ерекшелік. Ақыл апасы зейінділік. Зерде сананың белгілі объектіге бағытталып, сананың сол нәрсеге шоғырлануы. Зерденің тұрақты белгілеріне ұғымпаз болу мен зеректік. Зеректік ұққыштық пен алғырлықты да білдіреді. Сөйтіп адам өзінің пысықтығы мен ширақтығын, еті тірілігін көрсете алады. Ширақтық пен еті тірілігі пысықтықты білдірсе, ал зеректік пен алғырлық ұғымталдық қасиеттерді айқындай түседі. Ауызекі сөйлеу мен жазба сөздерде де зерде мен атау терминдерде бір мағынада синоним ретінде қолданыла береді. Психология ғылымы зерде атауын дербес термин ретінде адамның ойлау процесі мен ақыл-ойының мағынасын бейнелейтін термин ретінде қарастырып, оны саналы әрекеттің жемісі деп санайды. Адамның ақыл-ой әрекетінің барлық түрлері мен олардың сипат-қасиеттері объективті дүниенің біздің миымыздағы бейнесі деп анықтайды. Бұл жалпы таным теориясының (гносеологияның) қасиеті.