Диалог

lat: Dıalog

(лат. dialogos сөйлесу, әңгімелесу, сұхбат) ауызекі әңгімелесу формасы, екі не одан да көп адамдардың пікір алысуы; ғылыми және көркем әдеби шығармаларда қолданылатын тәсіл. Ғылым тарихында диалог тәсілі ежелгі грек философы Платон шығармаларында сәтті қолданылған. Кейін бұл үрдісті көптеген ғалымдар, оның ішінде қазақ ғалымдары дамытты. Ал, әдеби шығармалардағы диалог тәсілі кейіпкерді бірінен кейін бірін жай сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым-қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыратынына сәйкес беріледі. Және бір кейіпкердің айтқан сөзі екінші кейіпкердің айтатын сөзіне түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйлейді. Мағынасы жағынан тиянақты диалог кейіпкердің мінез-құлқын тағы бір қырынан ашып көрсетіп, олардың қарым-қатынасының бұрынғы қалпынан өзгеріп, жаңа бір сатыға көтерілгенін танытады. Сөйлескен кейіпкерлердің сөздері шығармадағы тартыс-қақтығыстардың шиеленісіп-өрістеуімен осылай тығыз байланысты болып келмесе, онда диалог ширақ, тартымды болмайды. Әсіресе, кейіпкердің қиын, қысталаң жағдайда, қандай әрекет жасайтынын көрсету үшін диалогтың, яғни олардың қайсысын қалай сөйлетудің мәні зор. Диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни, әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой толғанысынан, сөйлеу өзгешелігінен жан дүниесі айқын елес береді. Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді. Сондықтан мағыналы диалог, кейіпкерлерді сөйлестіре білу шеберлігі әдеби шығармада халықтың тіл байлығын мол пайдаланып, орнымен қолданудың ұтымды тәсілдерінің бірі.