(ағылш. slang) ерекше тарихи түрде қалыптасқан және жоғары не төмен деңгейдегі сөйлеушілердің барлық сатысына ортақ бейәдеби тілдік норманың нұсқасы. Сленг лексикалық құбылыс. Ол ауызекі тілде пайда болады және ауызша қолданысқа түседі. Сленгте эмоционалды бояу басым. Қазіргі таңда сленгтің әлеуметтік маңызы артуда. Сленгтер ауызша сөйлеуде жиі қолданылатын сөздерге айналуда. Сленг тек халықтың түрлі топ өкілдерінің, әсіресе жастардың сөйлеу тілінде ғана қолданылмайды, сонымен қатар ол мерзімді басылым беттерінде, телехабарлар мен жарнамаларда да пайдаланылып жүр. Жастардың күнделікті қолданып жүрген сленгтерінде орыс сөздерінің көптеген компоненттері кездеседі. Мысалы: адамның белгілі бір ойына ризалығын білдірген кезде «базар жоқ» деп жатады. Сол сияқты менменсу тіркесімен байланысты «типаж болу» деген сленг қолданылса, қысқа ғана қоңырау шалуды «маяк тастау», деп жүр. Сленг табиғаты оның үнемі жаңарып отыруын талап етеді. Көптеген сленг сөздері салыстырмалы түрде ұзақ өмір сүрмейді және егер олар тілде тұрақталса, яғни сленг қатарынан жалпы ауызекі тіл лексикасына өтіп кетсе, сленг қатарынан шығып, ауызекі сөйлеу тіліне енеді. Сленгтердің шығу тарихы компьютерлік технологиямен байланысты деген пікір бар. Яғни, жаңа нәрселерді ойлап табу барысында жаңа терминдер пайда болады. Қоғам бұл терминдерді қолдануға мәжбүр. Термин өзінің алғашқы формасынан алшақтап, сөйлеу тілінде түзіледі. Нәтижесінде компьютерлік сленг пайда болады. Компьютерлік сленгте жаңа сөздердің тым жылдам пайда болуы компьютерлік технологияның қарқынды дамуымен байланысты. Егер, журнал беттеріне үңіле қалсақ жаңа технологиялардың шығып жатқанын көреміз. Мұндай технологиялық төңкеріс жағдайында әрбір жаңа технология мағына, атау алуы тиіс. Қазақ тілінде бұл салада нақты терминдердің болмауы компьютерлік сленгтің пайда болу тенденциясына алып келді. Көптеген кәсіби сөздерді күнделікті қолдануда ыңғайсыз, дөрекі сөздер өте көп болғандықтан сөздерді қысқарту, жеңілдету белең алды. Мысалы, кешке бізге қарай тартыл, құлаққа лапшаны ілме, жынды ән екен және т.б. Сленг, жаргон және аргоны бір-бірінен ажырата білуіміз керек. Сленгтің жаргон, аргодан негізгі айырмашығы қолданушы топтың жас ерекшелігі мен кәсіби біліктілігінен көрініс табады.