Жырау

lat: Jyraý

қазақ дәстүрлі поэзиясының басты өкілі, топ алдында сөз сөйлеуші, өзін қобыз немесе домбырамен сүйемелдеп, жыр шығарушы ерен тұлға, хан мен билердің ақылгөйі, хан ордасындағы халық жаршысы. Бізге белгілі жыраулар поэзиясы қазақ пен ноғай айырылысқан заманнан бері пайда болып, XIX ғ. Махамбет және Зар Заман өкілдерінің шығармашылығында шарықтау шетіне жетеді. Жыраулар поэзиясын грек антикасындағы эпикалық дәстүрмен, Еуропадағы ортағасырлық рыцарлық әдебиеттің құбылысымен салыстыруға болады. Айырмасы, біздегі жыраулар поэзиясы авторлық поэзия және таза жыр-дастан поэзиясы емес, дәстүрлі танымдағы лирика. Егер рыцарлық нұсқасындағы ақындар әйел, ханым бейнесін дәріптесе, жыраулар асқақ елсүйгіш сезімін романтикалық дәрежеге, имани ұстаным деңгейіне көтерген. Жыраулар сөзсаптауының поэтикасына келсек, олардың жырлары көбінесе ұйқас пен ырғақ арқылы еркін шұбатылған бір сөйлемнен тұрады, оның формасы: жеті-сегіз буындық, екі-үш жолдан кейін ұйқасатын толғау. Оның осылайша атануы да тегін емес, себебі жыраулар өлеңі адуынды шабыт, еріксіз толқу арқылы келеді. Сондықтан оларда медитативтік, ойға тура шығу бағыты басым. Жыраулық поэзиясының бейнелік құрылысына келсек, жыраулар бір маңызды ойға негізделген құбылыстарды тізіп, ойын жұмбақтау арқылы, ең соңғы жолдарда ғана тақырыбының шешімін ашып береді. Жыраулық поэзия көшпенділер тірлігінің жағдайында сахнасыз театр, риторика, софистика, дәстүрлі өмір философиясы қызметін атқарған.