Таңба

lat: Tańba

өзге заттың орнын толтырушы, әйгілеуші һәм белгілі бір хабарды сақтау, қайта өңдеу және жеткізу үшін қолданылатын зат. Егер таңбаның өзі денотат қызметін атқарса, оны қоршайтын мағыналық кеңістігі коннотат деп аталады. Таңба ұғымының пайымдалуы философия, логика, лингвистика, психологияда маңызды орын алады. Таңба ұғымының танымдық қасиетін таразылауға антикалық философтар коп зейін бөлген (Платон, Аристотель, стоиктер), бұл мәселемен XVII-XVIII ғғ. Философтары да айналысқан. XIX- XX ғғ. Таңба туралы арнайы ғылым - семиотика пайда болды (Пирс, Моррис, Соссюр, қазіргі структуралистер). Таңба табиғатын зерделеу барысында Таңбаның пайдаланылатын ерекше әлеуметтік жағдайларды анықтау өте маңызды. Ондай жағдайлар тіл мен ойдың даму барысына тығыз байланысты. Стоиктердің ілімі бойынша, таңбалардың мағынасы олардың құрылымының екі жақтылығынан көрінеді, яғни, тура қабылданатын (таңбалаушы) һәм мағынаға ие (таңбалаушы) құбылыстардың біртұтастығынан. Осы байланыстың түрлі нұсқасынан түрлі анықтамалар туындайды. 1867 жылы Ч. Пирс таңбаны үш түрге бөлген - индекстік, иконикалық, символикалық. Р. Якобсонның айтуынша бұл анықтама екі қарсы бөлінуге негізделеді - нұсқаулық пен ұқсастықтың және дәйектілік пен шарттылықтың қарама қайшылығына. Индекстік (нұсқаулық) қатынаста таңбалаушы мен таңбаланушының арасында нұсқалау байланысы болуға тиіс. Иконикалық қатынаста белгілі қажетке байланысты қарапайым ұқсастық басым. Символикалық таңбада таңбалаушы мен таңбаланушы ешбір нақты байланыссыз бір біріне теліне береді. Қоғамдағы байланыс құралы ретіндегі тілдер құрамына кіретін таңбаларды қатынас таңбалары деп атайды. Соңғылар жасанды және табиғи таңбалар жүйелеріне бөлінеді. Таңбалар ілімінің жасалуы үшін математикалық логика мен метаматематика аясында жүргізілетін таңбалар жүйелерінің зерттелуі өте маңызды. Осының бәріне қарамастан таңбаның қордалы концепциясын жасау мәселесі әлі шешілген жоқ.