ДІҢГЕК

lat: DİŃGEK

зат. 1. Жерге қазып орнатқан бағана, тіреу. Қой қотанындағы д і ң г е к т і ң басына орнатылған электр шамдары айналаны жарқ еткізді (Дала шұғыласы). Келген қонақтардың аттарын д і ң г е к к е байлап қойдық (Ауызекі). 2. Талдың тұтас денесі, діңі. Ербұлан таң атар алдына дейін жалғыз жиденің д і ң г е г і н е арқасын сүйеп отырды да қойды (М.Қуанышбаев, Тайталас). Сол диірменге келетін судың бойында д і ң г е г і жуан, сұңғақ бір ақ терек өсіп тұрушы еді (С.Бақбергенов, Кентау). Мертай төрт өгізді айдап келіп, қатарластыра мүйіздерінен байлады да, бір ұшын ортадағы д і ң г е к к е ілді (М.Дүйсенов, Гүлжан.). 3. Белгілі бір мақсатта пайдалану үшін орнатылған таяныш, қада, кейде мұнара, бағана. Ресторан онша үлкен емес, төбесі аласа, іші толған тас д і ң г е к (Қ.Сатыбалдин, Қараторғай). Анау электр токтарын арқалап келген алып д і ң г е к т е р бұрын түсімізге кіріп пе еді? (Ә.Тәжібаев, Хаттар.). 4. Кемеде желкенді бекітуге арналған биік бағана. Кеме д і ң г е г і н е жүк көтеретін жебелер, сигналдық қондырғы орнатылады («Білім және еңбек»). 5. Белағаш астына қойылатын тіреу, арқалық. Өгіз қурайға құйып жасаған майшамды ұстап алда келеді. Ағалы-інілі екеуі оның артынан үн-түнсіз ілесуде. Далан таусылар емес. Ығы-жығы д і ң г е к т е р д і ң арасымен келеді (Т.Жақыпбайұлы, Асан ата). Ойнақтап толқын, жел гулеп, Майысар д і ң г е к сықырлап. Ол жүрген жоқ бақ іздеп, Қашпайды бақтан бойды ұрлап (Абай, Тол. жин.). 6. ауыс. Арқа сүйер тірек, таяныш. Сығанақ қаласы -ежелгі қазақ жерінің мәдениет орталығы, талай жаугершілік заманның д і ң г е г і болған аты шулы орын (Д.Досжанов, Құм жұтқан.). Өмір -көпір, от үстінде салынған. Д і ң г е к т е р і зәндем отқа малынған (М.Жұмабаев, Шығ.). Абзал ана айтқандай, өзін ата шаңырағының д і ң г е г і сезінді де, ол шаңыраққа түскен зілді де қайыспай көтеруге дайын тұрған-ды (Ә.Сәрсенбаев, Батырлар.).