ЕСКІ

lat: ESKİ

сын. 1. Тозығы жеткен, өңі кеткен, ұсталған. Үстінде өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған е с к і көйлек, оның сыртынан тозығы жетіп талаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы (Б.Майлин, Шығ.). Балықшының әйелі шай қойып ішерсіңдер деп қара шәйнек, тамақ істеу үшін кішкене е с к і шелек әкеп берді (Б.Жүнісов, Өрім жас). Елеусіз е с к і домбыра, Ілулі түрсаң төрде сен. Білермін қайдан мен мына, Қолға алып шертіп көрмесем (М.Құрманалин, Шалқар.). 2. Көне, баяғы, бағзы, ертедегі. Самарқан -е с к і қала. Оның салынғанына екі мың бес жүз жылдай уақыт өткен («Қаз. әдеб.»). Мен аруана жайында бала кезімнен есімде қалған е с к і аңызды айтып бердім (С.Омаров, Қиыр жол). Осы ұзын Ақтақырдың әр жеріне жүздесе беретін ескі арықтың сілемдері де Айгүлге е с к і бір аңызды айтып келе жатыр еді (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.). Арада е с к і қыстау барын, қыстауларды аралап өтетін ойлы-қырлы жолы барын еміс-еміс, бұлдырлау білем (Ө.Тұрманжанов, Адам.). // Ертедегі өмір, баяғы кездегі тұрмыс-тіршілік. Тіпті дәл қазіргідей шексіз шаттық, мол қуаныш үстінде қамсыз тіршілікте де е с к і н і еске түсірудің артықтығы жоқ (Ж.Ертілесов, Туған жер.). Е с к і н і еске түсірген тентексің сен бір ісінген. Қара қазақ қайырсыз, Елім деп сені түсінбен (Ы.Шөреков, Исатай.). Е с к і г е -жаңа өлшеуіш, жаманға -жақсы өлшеуіш (Мақал). 3. Бұған дейінгі, бұрынғы өткен кездегі. Жаңа болысты е с к і болыстар қоршап алған, «құтты болсынды» жаудырып жатыр (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Е с к і бастық орнынан алынды, Жағымпаздардың ауыздары аңырды. Жаңа келетін бастықты сөз ғып, Ерсілі-қарсылы тағы да сабылды (М.Рашев, Бұйымтай). 4. Танымал, таныс, байырғы. Жақын елге мәлім е с к і ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті (М.Әуезов, Көксерек). Барақта тұратын е с к і жұмысшылардың бірен-саран сиыры бел асып, өрістеп барады (Ғ.Мұстафин, Қарағанды). -Шырағым-ай, шырылдап кеп е с к і ұяңа бір соғайын дедің-ау, ұмытпаған екенсің ғой,- деді кемпірі (Т.Иманбеков, Үш ай.). 5. Бұрыннан бар, бәріне белгілі. Трактор атыз жиегіне ұмтылып, е с к і сүрлеуге түсе бергенде тіркеме жолдан сырғып кетіп, артқы екі доңғалағы терең қашыртқыға кептеліп қалды (Д.Сапаров, Бақытты жан.). 6. ауыс. Сыралғы, сырлас, сыр мінез. Соғыстан бұрын онымен бір жерде, кейіннен комсомол қызметінде бірге болғанымыз бар. Манаппен е с к і жолдаспыз (М.Ғабдуллин, Сұрапыл.). Тамаша үшін осындай бас қосқанда, Сөкет болмас айтысқан кәріменен. Бала күнгі әндерім е с к і жолдас, Ада-күде кеткен жоқ әлі менен (Ж.Жабаев, Шығ.). Қалды әжем күлімдеп, Көргендей е с к і танысын. «Өркеннің өссін, ұлым»,- деп, Жаудырып жатыр алғысын (А.Бақтыгереева, Өрімтал). 7. Үйреншікті, дағдылы, қалыптасқан, машықты. Жарияның е с к і ауруы ұстап, жатып қалғанына бірнеше күн болды (С.Бегалин, Таңд. әңгім.). Күй біткен соң орнынан тұрады да, кейде тал күркесіне тура жүріп кетеді. Кейде жан-жағына қарағыштап, өзінің е с к і әдетіне басады (Қ.Жұмалиев, Жайсаң жан.). Е с к і тіршілік өстіп қалпына түскен секілді болды (Т.Әбдіков, Ақиқат). Жаратқан мені құдай қасқыр етіп, Айыпты болармын мен оған нешік? Қой ұрлау, қора тосу, қозы ап қашу, Атадан келе жатқан е с к і кәсіп (Ө.Тұрманжанов, Қарлығаш). 8. Ұзақ тұрған, көп сақталған. Саулықтың үрпінде қатқан е с к і сүт өңезін сауып тастап, сары уызға жол ашады (Қ.Салғарин, Жаныңда жүр.). Ескерген е с к і асынан сақтар (Қаз. Мақал.).