КЕШІР

lat: KESHİR

ет. 1. Кешірім ету. Оның есесіне патша ағзам өткен қырқыншы жылы Кенесарының бар күнәсін кешіріп, амнистия берді (І.Есенберлин, Қаһар). Содан соң бейнебір менің кінәмді кешіргендей боп, мардымси сөйледі (Ә.Нұршайықов, Махабб.). Өмір өтіп, жылжуда көш ілгері, Өзің жаққан сәулеңді өшірмеді. Өзің жаққан сәулеңді өшір келіп, Өшір келіп... Сонан соң, кешір мені! (М.Мақатаев, Шығ.). 2. Ғапу ету, кеш деген мағынада. Тек кешіре гөр, анашым, анашым сен де талай қорлыққа ұлың үшін төзгенсің (Қ.Жұмаділов, Қаздар.). Кешірші, ақ сары қыз, Кешірші соның бәрін. Қайда сол достарымыз Тау-тасқа шағылған үн (Т.Молдағалиев, Қош, көктем). Дауа бар ма, дауа бар ма талғамға. Жақын тартып сырласымдай бұрынғы Кешір, қалқам, саған аштым сырымды (М.Шаханов, Ғасырлар.). Кешіріңдер, туыстар, Кешіріңдер, ағайын, Өр көкірек бейбаққа өкпеледің талайың. Кірсіз көңіл ақ туын Жоғары ұстап, ағайын, Ақ киімге оранып, Алдарыңа барайын. Кешіріңдер, жарандар, Қошақаның болайын (М.Мақатаев, Шығ.). 3. діни. Пенденің Алла тагаладан күнәларымнан арылт деп жалбарынғанда айтатын сөзі. Ауызашар дұғасы: «Жаратқан ием, сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Я, кешірімді Алла, менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр» («Ана тілі»).