КҮЗЕ

lat: KÚZE

ет. 1. жал-құйрығын қырқу, шағындау, қысқарту. Құйрықты түбінен бастап ұшына дейін сыпыра к ү з е й д і де, дәл ұшына «шыбын қағар» қалдырады (Х.Арғынбаев, Қаз. этногр.). Ауылдың еркек кіндік атаулысы сонда жиналып, тай-құнандарды к ү з е й д і (С.Мұратбеков, Жабайы.). Ертең біздің ауыл жылқы к ү з е й д і, қысырақ алады (С.Бегалин, Шоқан асу.). Тайдың жалын к ү з е г е н д е, көбіне «кекіл», «шоқтық» қалдырмайды, осыны «тұтқыл күзеу» дейді, өйткені бала-шаға болмаса, онда да ауыл арасында, мал өрістік жерге болмаса, қазақта тайды ұзақ сапарға, жиынға міну салт болған емес («Қазақст. мект».) 2. Сақал-мұртты қысқарту, қию. Бұрын мұқият к ү з е п жүретін суағарындағы бармақтың тырнағындай төрт бұрышты [Панфиловтың] қара мұрты бұрынғыдан гөрі тікірейе өсіп кетіпті (Б.Момышұлы, Москва.). Әзімхан қара сақалын к ү з е п, иегіне шоқша ғана сақалшық қойған (С.Сейфуллин, Әңгім.). 3. Мүлде кесіп тастау, қыру. Болды сөйтіп масқара, Орынсыз дау бастады. Сақал-мұртты ұстара, К ү з е д і де тастады (Қ.Мырзалиев, Күміс.). 4. Сәндік үшін өсірілетін кейбір өсімдік, бұталарды әдемілеп кесу, шырпу. Шоғырмақ бұта болып өсетін жап-жасыл самшит ағаштарын әрқилы айуанат кейпіне келтіріп к ү з е п қойыпты (Қ.Сатыбалдин, Қараторғай). Қу бұтағын к ү з е п, қырқып, Құрт, қоңыздан аршып, сілкіп. Тазалатып алма бойын, Бұған бөліп Асан ойын (Ө.Тұрманжанов, Бозша). 5. ауыс. Талқыға салып сынау. Тез көріп, тез түзеді, Еткенді зиян халқына, Күлкі ғып елге к ү з е д і (С.Мұқанов, Алдабергенов.).