КҮН

lat: KÚN

зат. 1. Таңның атуы мен күннің батуы аралығындағы уақыт; күндіз. Соңғы бес к ү н, бес түн бойы мен осындай қатал да болса әділ үкімді естуге өзімді-өзім дайындап едім (Б.Момышұлы, Москва.). Алдымда талай түндер бар Бұл өмір жайлы ойланған. Алдымда талай к ү н д е р бар Жақсылықтарға тоймаған (Ж.Қыдыров, Жұлдыз.). 2. Күннің жоғарғы жиегінің шығуы мен батуы аралығындағы күн тәулігінің жарық болатын бөлігі. К ү н н і ң ұзақтығы географиялық ендік пен күннің ауысуына байланысты өзгеріп отырады (ҚҰЭ). Жер экваторында к ү н н і ң ұзақтығы жыл бойына өзгермейді деуге болады (ҚҰЭ). 3. 24 сағатқа тең уақыт, тәулік. Колхоздар даласында бригадалар, сан Зүлпіштер, бір к ү н емес, бір апта бойы саңлақтай самғап барады (М.Әуезов, Алғы шеп.). Жаудың шабуылы іркіліп, Панфилов дивизиясы екі-үш к ү н тыныс алды (Т.Ахтанов, Қаһарлы күн.). К ү н д е р өтті, айлар өтті Алыстады көлеңкең, Сөндірмедің жанған өртті Өкпеледің неге, еркем? (А.Жұмағалиев, Өшп. жалын). 4. Белгілі бір оқиға атап өтілетін күнтізбелік уақыт. Бұл 9 май, Жеңіс к ү н і еді. Санаторий тәртібін сақтап, бүгін мереке күні болса да қалаға бармай, осында қалған біздің корпусқа, ондағы қоңыр салқын палаталарға кіргіміз келмеді (Ә.Нұршайықов, Батыр.). Мемлекет басшысы награда тапсырар алдында осы мәселелерге қысқаша тоқталып, марапатталушыларды Конституция к ү н і м е н және наградаларымен құттықтады («Егемен Қазақстан»). 30 тамыз Конституция к ү н і Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада солардың бір тобына мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті («Егемен Қазақстан»). 5. Күн райы, бір күндегі табиғат құбылысы. К ү н тымық, әлдеқандай бір әдемі түрге көшкен (С.Шарипов, Шығ.). Бірақ ол к ү н бұлыңғыр, боз тұманды болды да ештеңе көре алмады (С.Бақбергенов, Белгісіз солдат). Еш уақытта к ү н жылы деп жеңіл-желпі, күн суық деп баланы қымтап, орандырып киіндірудің қажеті жоқ (Н.Нұрғожаев, Бала ауруы). К ү н суық, қатты аяз, шыдар емес, Қар борап соққан желмен қылып егес («Қаз. әдеб.»). 6. Аптаның жеті күнінің бірі. Екінші к ү н і сабаққа бармай-ақ қойсаң қайтеді (Ауызекі). 7. ауыс. Уақыт, мезгіл, кез, дәуір. Жас шағымның албырт к ү н н і ң, Елестеп құр көлеңкесі, Қол бұлғайды тек алыстан, Тарқағандай жәрмеңкесі (А.Жұмағалиев, Өшп. жалын). Тоқсанға келген жасым бар, Көпті көрген басым бар, Аман жеттім бұл к ү н г е, Ойды, қырды аралап (Жамбыл, Шығ.). 8. ауыс. Өмір, тіршілік. Көптің к ү н і осылай, құл боп кетіп барады (М.Әуезов, Абай жолы). Бұрынғы к ү н і м күн бе еді? Күн емес, қара түн еді (Жамбыл, Шығ. жин.). 9. ауыс. Жай, қалып, күй, хал. Айта бер, Ділда сұлу, мінім болса, Шын сөйле, жалған айтпа, дінің болса. Бетіме қаратпастай қылар едім, Өзімнің елімдегі к ү н і м болса (Айтыс).