КІР

lat: KİR

сын. 1. Таза емес, былғаныш, лас. Ол шалбарының қалтасынан к і р орамалын алды (М.Әуезов, Таңд. шығ.). «Қолың к і р, мойның к і р, жуып келмесең, класқа кіргізбеймін» деп Майра мені талай қуып еді (Б.Соқпақбаев, Балалық.). К і р жеңді жуған сайын к і р шығар (Мақалнама). // Түрлі кірқоң, кірлеген киім-кешек. Қолына су құйсаң да жаратпайды, к і р і жаман жуылса тағы пәле, ішкен асың бойыңа таратпайды... Құдай-ау! Бұған енді, қалай жағам? (Ж.Аймауытов, Шығ.) // Жуылған киім. Қап, шайдай ашып қойған к і р і м д і мына рақымсыз желдің бүлдіргенін қарашы (А.Байтанаев, Болат.). Үй төбесінде жуылған к і р л е р ілінген (С.Ерубаев, Менің құрдас.). 2. ауыс. Жаман ой, көңілдің алақалалығы, сенімсіздік, күдікшілдік. Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі к і р д і қашырса, Адамның хикмет кеудесі (Абай, Тол. жин.). Жазған хаттың сырымен,жарқыраған нұрымен, таза жүрек к і р і н, қайғыдан басым болды азат (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). 3. ауыс. Жаманат. Советтің жасы бол сен дәл осындай, өрлей бер өміріңе бір тосылмай. Нағыз адам отына сен де ие бол, Еңбегің мен арыңа к і р қосылмай (М.Хакімжанов, Гүл тур. аңыз).