ҚАБЫЛДАУ

lat: QABYLDAÝ

зат. 1. Адамдарды бір нәрсенің немесе әлдекімнің құрметіне орай шақыру, жиналыс, кездесу. Сондай-ақ, мәскеулік белгілі қазақтармен, атап айтқанда, Н.Оңдасыновтың баласы, ғалым Е.Нұртасовпен, түркітанушы К.Мұсаевпен, тағы басқа тағдыр-талайы елді елең еткізер қандастарымызбен де осы қ а б ы л д а у кезінде пікірлестік («Жас Алаш»). 2. ресми. Үкімет басшыларының, ресми тұлғалардың, Президенттің бір нәрсенің не біреудің құрметіне немесе белгілі бір айтулы күнге байланысты қонақтарды қабылдауы, шақырылғандармен жиналыс, кездесу жасауы. Қазақстан Президенті қ а б ы л д а у ы н а н шыққаннан кейін олар БАҚ өкілдерімен кездесіп, онда қозғалған мәселелер туралы хабардар еткен («Егемен Қазақстан»). Совет елшілігінің үш қабатты оңаша үйінде М.Н.Смирновский жолдас СССР Жоғарғы Советі делегациясының құрметіне қ а б ы л д а у ұйымдастырды (Ә.Шәріпов, Алыс). Түс ауа бес күндік сапардан оралған балықшыларды қ а б ы л д а у салтанаты болды (Т.Әбдіков, Күзгі.). 3. псих. Сезім органдарының рецепторлық беттеріне физикалық тітіркендіргіштердің тікелей әсері кезінде пайда болатын заттардың, жағдаяттар мен оқиғалардың тұтас бейнесі. Екі тілді қатар үйрену баланың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын арттырады, қ а б ы л д а у, ойлау қабілетін күшейтеді (Қарықбаев, Психология). Шындық болмысқа барабар қ а б ы л д а у мен иллюзияны ажырата білу керек (ҚҰЭ). Қ а б ы л д а у (восприятие) лездік әсерді енжар көшіру ғана емес, ол танымдық ширақ, шығармашылық процесі (Қаз. тілі термин. Педагогика). 4. псих. Заттар мен құбылыстардың мида тұтас бейнелену процесі. Қ а б ы л д а у ми қабығының күрделі анализдік қызметінің нәтижесі (Қаз. тілі термин. Педагогика.). Қ а б ы л д а у барысына адам мамандығының тікелей қатысы бар (ҚҰЭ).