ҮЛКЕН

lat: ÚLKEN

сын. 1. Көлемі жағынан аумақты, зор, дәу.

Сарқырап Торғай суы жатқан ағып,

Тасқанда талай жандар болған қарық,

Өткелсіз терең судан ел өтуге

Істетті қайырға Ыбырай үлкен қайық (О.Шипин, Дастан.)

Жомарттық пен бірліктің қорығында,

Көбісінің жалғасты жолы нұрға.

Тек белгі боп үлкен бір шұңқыр жатыр,

Сынықшының үйінің орынында (М.Шаханов, Ғасыр.)

Тамшыдан теңіз молайып,

Тарыдай тастан зорайып,

Бірігіп үлкен тау болмақ

Аз сөзден шатақ молайып,

Бара-бара зорайып,

Ұлғайып түбі дау болмақ (Қабан жырау, Алтын қазық)

Көріп те жүрсің даланы,

Теңізге бірақ түстің бе?

Керемет үлкен қаланы Көрдің бе теңіз үстінде? (C.Жиенбаев, Алтын қалам)

Қалада тастан, ағаштан салынған биік қабат-қабат үйлер, көшелер, дүкендер, үлкен школдар, мешіттер, шіркеулер бар (М.Дулатов, Шығ.)

2. Маңызды, көрнекті.

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,

Оның қадірін жетесіз адам білмес.

Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,

Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес (Абай, Тол. жин.)

Сірә, бір үлкен іс қылайық деп жатқан шығар (С.Шарипов, Бекболат)

Абайдың бала күнінен сезетін бір жайы: мұндай кісілермен, әсіресе дәл осы төрт-бес кісімен бас қосу ел ішінде басталатын бір    үлкен істің, оқшау істің белгісі болатын. (М.Әуезов. Абай жолы)

3. ауыс. Бұрын туған, жасы артық.

Қайдос, сірә көп жүрмей жасында өткен.

Үлкен ұлы Бөкенші ерте ер жеткен.

Сондықтан Қайдос аты аталмайды,

Ол тапты “Бөкенші” деп атап кеткен (М.Дулатов, Шығ.)

Ол менің ұлым ғой, үлкен балам (Қ.Исабаев, Соңғы.)

Тез көшіп құдығымды босатып бер,

Өзіңе көпсінбесең осы халді.

Бектастың Бірәлісі үлкен ұлы,

Батырмен бітісуді ойына алды (О.Шипин, Дастан.)

4. ауыс. Көпті көрген көне, көп жасаған.

Үлкен атаң – Күрлеуіт деген кісі адам баласының момыны еді (М.Дүзенов, Ақ әже)

Жасы үлкен адам, көпті көрген қарт, қария.

Үлкеннің жолын

Кескестеп, кіші қимаған,

Шабыста атты,

Намыста ерді қинаған.

Сақалын сатпай кеп көргенге жүгінсе,

Тәлімі бардан

Мәлімі мол деп түй, балам (К.Салықов, Жезкиік.)

Естілер де ісіне қуанбай жүр,

Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.

Ала жылан, аш бақа күпілдектер,

Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр (Абай, Тол. жин.)

Насихат айтсам, қарағым,

Көңіліңе қалсын құйылып.

Үлкеннің өтпе алдынан,

Әдеп қыл, көрсең, иіліп.

Жақсы болсаң, қарындас,

Жұртың мақтар сүйініп.

Қызметіңе дайын бол,

Етек-жеңін түрініп (Ә.Найманбаев, Шығ.)

Сыр білдірмей сыртынан,

Толқынса да ішінен,

Қош айтысты Мұсабек,

Үлкен менен, кішімен (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.)

Ересек, естияр.

Ит үрсе, бала таяғын ала,

Қуады итпен кектесіп.

Ұрысқансып «ой» деп,

«Ұят» деп, «қой» деп,

Үлкендер тияр «тек» десіп.

Оны білсең, мұның не?

Мен де ұят іс қылдым де (Абай, Тол. жин.)

5. ауыс. Айтулы, белгілі.

Дүмше заман салмас дейсің кімге азап,

«Шіркін...» дейміз, көкірек шетін зіл қажап.

Әрі ғалым, ұстаз, үлкен қаламгер,

Адал терін төгілтіп жүр бұл қазақ (К.Салықов, Жезкиік.)

Жұлдыздай боп жанар алдан

Ақындықта елден ерек басқа заң

Батырлығы жоқ адамнан

Үлкен ақын шыққан емес ешқашан.

Туған елім – арман, мұңым,

Енді сені жетелейді жол қалай? (М.Шаханов, Ғасыр.)

6. ауыс. Сенімді, жанашыр.

Елің саған артып еді көп сенім.

Әттең, терең тамырың жоқ

Үлкен досың жоқ сенің.

Әлсіздігің осында! (М.Шаханов, Ғасыр.)

7. ауыс. Шектен шыққан.

Жеті айналсаң,

Жер бетінде шындық жоқ

Дегенге, дос, қамықпа.

Ес кеткеннен елде үлкен  сұмдық жоқ.

Қолда барды анықта (К.Салықов, Жезкиік.)

8. ауыс. Бағалы, құнды.

Екеу болып жүрген де – үлкен бақыт білгенге,

Өгейлікті ұмытып көбейесің бір демде.

Жарасады жалғыздық бұлтты үйіріп басына,

Ой деген бір құдіреттің құшағына кіргенде (Т.Молдағалиев, Шақырады.)

Оған жат қайғы-қасірет,

Айтары ерлік өсиет.

Теңіздің теңіз екенін

Тану да үлкен қасиет (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.)

Жігітке жиырма бес жас – үлкен зейнет,

Мағшұқтың маржан таққан зұлпындай-ақ.

Көңіліңе келер сонда толық байлық,

Қарайып отар жатқан жылқыңдай-ақ! (О.Шораяқов, Шайыр.)

9. ауыс. Қызметі жоғары адам.

Қарсымын мен байлық деген көшкінге,

Құмар бірақ соған король, Пешкің де!

Пәтер сұрап кірмедім мен үлкенге,

«Волга» сұрап бармадым мен ешкімге (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.)

10. ауыс. Бас көтерері.

Астынан көк өгіздің тас көтерген,

Кісіні арықтаған ас көтерген.

Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,

Бұрынғы ү л к е н қайда бас көтерген!... (Шал ақын, Өлеңд.)

11. Мол, көп.

Желдей есіп желіктім,

Үлкен олжа тапқанға.

Дейді маған әйелім,

Құтылмай жаудан мақтанба (О.Шипин, Дастан.)

Ірімшікті құдайым

Кез қылды бір күн қарғаға.

Алып ұшып барады да,

Қонды бір биік ағашқа.

Үлкен олжа емес пе, Ірімшік деген қарны ашқа? (Абай, Тол. жин.)