БАҒДАР

lat: BAǴDAR

субъектінің дайын, пейілді болуы; белгілі бір объектінің пайда болатынын күн ілгері білген кезінде пайда болады және осы объектіге қатысты іс-әрекеттің орнықты мақсаткерлік сипатта өтуін қамтамасыз етеді. Психологияда Бағдар жануарлардың мақсатқа бағытталған әрекетін, ағзаның алдын ала мәлім жағдаяттарға бейімделуінің психофизиологиялық механизмдерін, психикалық процестердің таңдамалылығы мен бағыттылығын, тұлғаның іс-әрекетінің ұғынылмай реттелуінің, мінез-құлық қалыптасуының механизмдерін зерттеуде қолданылады, әлеуметтік психологияда Бағдар топтың мүшесі ретіндегі тұлғаның белгілі бір әлеуметтік объектілерге қатынасын, әлеуметтік мінез-құлықтың өздігінен реттелуі, орнықтылығы және үйлесімділігі механизмдерін, әлеуметтену процесін, бағдардың мыс., насихат ықпалымен өзгерулерін зерттеу кезінде, сондай-ақ белгілі бір жағдаяттарда тұлғаның мінез-құлқының ықтимал нысандарын болжамдау кезінде пайдаланылады. Іс-әрекеттегі бағдардың негізгі функциялары: а) іс-әрекеттің орнықты, дәйекті, мақсатқа лайық сипатқа өтуін анықтайды; ә) субъектіні стандартты, бұрын кезіккен жағдаяттарға шешімдер қабылдау қажеттілігінен босатады; б) іс-әрекеттің енжарлығына, қырсыздығына себепші болатын және субъектінің жаңа жағдаяттарға бейімделуін қиындататын фактор ретінде де көрінуі мүмкін. Бағдардың мазмұны оны туындатқан объективті фактордың, іс-әрекеттің құрылымындағы орнына тәуелді болады.