БАЙҚАУ

lat: BAIQAÝ

— белгілі бір мақсат қойып, объектіні әдейі қабылдау. Ой жүгірту, зейін қою байқаудағы негізгі әрекеттер. Психологияда Байқау кең тараған әдіс, оның мәнісі: зерттеуші басқа адамның іс-әрекетін, оның мінез-қылығын, психикасын, сыртқы көріністерін (қимыл-қозғалыстарын, сөйлеген сөзге реакцияларын, мимикасын, жалпы әрекетін), сондай-ақ адамның ерік-күшін, сезім ерекшеліктерін, темпераментін, жүріс-тұрыстарын жүйелі, жоспарлы түрде бақылайды. Осыған орай ол адамның психикалық үрдістері, жай-күйі және психикалық қасиеттері жөнінде қорытынды жасайды. Белгілі жоспар бойынша жүйелі біраз уақыт бойына зерттелуші адамның психикалық ерекшеліктерін қадағалауды байқау әдісі деп атайды. Байқау әдісі әдетте, табиғи жағдайда, зерттелуші адамның әрекетіне әдейі араласпай-ақ жүргізіледі. Байқау әрі жүйелі, әрі мақсатты үрдіс, арнайы жүргізілген әрекет. Ғылыми байқау кездейсоқ, дұрыс ұйымдастырылмаған және жоспарлы түрде жүргізілмейтін қарапайым байқаудан өзгеше болып келеді. Fылыми байқау үрдісінде аса сақ, дәлме-дәл болып, байқалатын объектіге ешқандай бұрмалау жасамау керек. Мыс., мектептегі оқушының ойлау және сөйлеу ерекшеліктерін зерттеу керек болса, ол үшін зерттеуші оқушының сабақ үстіндегі жеке сөздерін, сөйлемдерін стенографиялап, күңделікке түсіреді, кейін оны тиянақты түрде талдайды да, тиісті қорытынды шығарады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының түрлі ерекшеліктеріне қарай байқау әдісінде кейде аспаптар да қолданылады. Мыс., зерттелінетін объектіні суретке түсіру үшін фотоаппараттар, сыналушының сөз тіркестерін жазып алып, кейін оны қайтадан жаңғырту үшін диктофон, магнитофон т.б. пайдаланылады. Байқау нәтижелі болып шығуына қажетті кейбір шарттар: 1) Байқаудың ұзақ уақыт бойына жүргізілінуін және бір фактінің өзі бірнеше рет қайталанып зерттелінуін қамтамасыз ету; 2) Зерттелетін объектіні айқын белгілеу және байқаудың мақсатын түсіне білу қажет. Мыс., байқау объектісі ретінде сабаққа үлгерімі нашар оқушыны алатын болсақ, мақсатымыз оның сабақ дайыңдау кезіндегі ой жұмысының кейбір ерекшеліктерін білу; 3) Байқалған фактілерді сол сәтте жазып отыру, кейін оған мұқият талдау жасау, басты фактілерді сұрыптап алу — осы әдіске қойылатын негізгі талаптардың бірі. Сан рет жүргізілген байқаудың нәтижесіне байланысты сол сыналушыға қатысы барлармен бірлесе отырып, оқушының оқу әрекетін дамыту үшін нақты жұмыстар белгіленеді. Байқау кезінде адамның мінез-құлқын дұрыс түсіне білудің де маңызы үлкен. Қазіргі кезде күнделікті іс-тәжірибемізде де, белгілі ғылым салаларында да объективтік байқау әдісі қолданылады. Бұл әдістің үш түрі бар: бір түрі — мәнді және қызық деп тапқан психологиялық фактілерді анда- санда баяндап отыру. Әдістің мұндай жолын кездейсок, байқау деп атайды. Екінші түрі — нысанаға алынған объектінің қимыл-қозғалыстарын жүйелі түрде үздіксіз байқау. Бұл — ұдайы байқау әдісі. Үшінші түрі — байқауға алынған объектіге белгілі бір мерзімде назар аударып отыру. Әдістің бұл түрін таңдамалы байқау деп атайды. Осы аталған байқаулардың қандай түріне болса да қойылатын талап — байқаушы бақылаған фактілерді баяндап қоюмен қанағат етпей, сол құбылыстардың сырт көрінісіне сүйене отырып, ішкі сыры мен психологиялық мазмұнын ашуға міндеттілігі. Байқау кезінде — байқауға алынған объектінің байқау бағдарламасын, жоспарын жасап алу қажет. Әйтпесе байқаушының зейіні зерттеліп отырылған объектінің екінші бір кездейсоқ сипаттарына ауып кетуі мүмкін, ал мұндай фактілердін жиынтығы арқылы жасалған психологиялық байқау жалған болып шығуы ғажап емес. Психикалық үрдістерді зерттеудегі өзін-өзі байқау (интроспекция) әдісінің бүгінде маңызды орны бар, сондықтан оны объективтік байқау әдісіне жәрдемші әдіс ретінде пайдалану дұрыс. Байқау әдісімен психикалық құбылыстарды көлденең әсерлермен өзгертпестен, объектіні өзінің үйреншікті ортасыңда байқауға болады, сонымен қатар байқау әдісі арнайы лабораторияларды, қымбат құралдарды керек етпейді. Байқау әдісі кейбір кемшіліктері де бар.Біріншіден, зерттеуші мұнда өзіне керек құбылыстарды әп-сәтте зерттей алмайды да, көп уақытын жіберіп алады, екіншіден, байқауды әр уақыта тыңғылықты, ойлағандай ұйымдастыруға жағдай болмай да қалады. Бұл әртүрлі кездейсоқ объективтік (байқауға алынған оқушының сабаққа келмей қалуы), субъективтік (бақылаудың қиынға соғуы, зерттеушіде бақылағыштық қасиеттің жоқтығы т.б.) себептердің кездесетіндігіне байланысты. Байқау — өмірдегі әртүрлі жағдайлардағы адам іс-әрекеті мен қылықтарының фактілерін жинауға көмектесетін әдіс.